ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған жүкті келіншек ұл босанды

0
874

Тұңғыш рет covid19 індетіне шалдыққан жүкті келіншекті аман-есен босандырып алды.


ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған жүкті келіншек ұл босанды

Жетісайда вирус жұқтырған жүкті келіншек аман-есен босанды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісайлық дәрігерлер үшін бүгінгі күн ерекше есте қалар күн болды. Өйткені, бүгін ауданның ақ халаттылары тәжірибелерінде тұңғыш рет covid19 індетіне шалдыққан жүкті келіншекті аман-есен босандырып алды.

Атап айтсақ, 13 тамыз күні 1999 жылғы Мақтаарал ауданының тұрғыны жүктілік кезеңінің 39 апталығында «Жетісай» аудандық орталық ауруханасына қағанақ суының кетуімен келіп түскен. Аурухана дәрігерлерінің дер кезінде жасаған қажетті ем-домдары мен күтімінің арқасында жүкті келіншек бүгін, яғни, 14 тамыз күні таңғы сағат 07:30 шамасында дені сау ұл баланы өмірге әкелді. Салмағы 3,2 келі.

«Келіншектің бұл тұңғыш сәбиі. Есепке алынып, үй жағдайында бақылауда тұратын келіншектің жағдайына қарай әрекет жасап, аман-есен босандырып алдық. Қазірде сәбидің де, анасының да жағдайы қанағаттанарлық», - дейді «Жетісай» аудандық ауруханасының перзентхана бөлімі меңгерушісі Айнагүл Әміреева.

Әлемдік деңгейде қауіп төндіріп, адамзат баласының алдын ораған ауруға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік режимге қарамастан дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесінде жыл басынан бері Жетісай перзентханасында 2800 сәби дүниеге келген. Олардың 50-і егіз болса, 400-ге жуығы ота арқылы туылған. Бүгінде бәрінің денсаулығы жақсы.

Айта кетейік, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен наурыз айында «Жетісай» аудандық орталық ауруханасында Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарына арналған 100 орындық инфекциялық госпиталь құрылған болатын. Бүгінде covid19 пандемиясына шалдығушылар санының төмендеуіне байланысты 20 төсек-орын қалдырылған.