ТҮРКІСТАН: Мақтаарал әкімі Польша Президентінен ең жоғарғы марапат алған азаматты қабылдады

0
923

Мақтааралдық азамат Польшадан "Ерлік пен бауырластық" медалін алған.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал әкімі Польша Президентінен ең жоғарғы марапат алған азаматты қабылдады

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Польша Президенті Анджей Дуданың ең жоғарғы марапаты "Ерлік пен бауырластық" медалін алған мақтааралдық қария Тасыбай Әбдікәрімовты жеке қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиын барысында ақсақалдың Польшаға сапары туралы сөз болып, күллі Варшава тұрғындарының қарияны зор құрметпен күтіп алғаны туралы әңгіме өрбіді.

Аудан әкімі Бақыт Насырханұлы кейінгі ұрпаққа өнегелі іс қалырған Т.Әбдікәрімовтың үстіне шапан жауып, шынайы алғысын білдірді.

Айта кетейік, Польша Президенті Анджей Дуда Қазақстанға жер аударған Яблонскийлер отбасын ажалдан сақтап қалған Тасыбай Әбдікәрімовты "Ерлік пен бауырластық" медалімен марапаттаған болатын. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тұрғыны қазіргі таңға дейін поляктар жерленген қабірге күтім жасап жүр.

Тасыбай Әбдікәрімовты марапаттау кеші Польшаның астанасы Варшавада өтті. Дәл сол күні қаланың орталық көшелерінде Тасыбай ақсақалдың суреті ілініп, телеарналардан қария жайлы деректі фильмдер көрсетілген.

Марапаттау рәсімінде Польшаның мәдениет және ұлттық игілігі министрінің орынбасары Магдалена Гавин: "Осы жақсылықтарын халыққа айтып, паш ету маңызды. Бұл медальді алғаш болып Қазақстан тұрғынына табыстадық. Бұл үлкен абырой. Польшадан, бүкіл поляктар атынан алғысымыздың белгісі. Оның айтқан әңгімесі жанымды тебірентіп, көңілімді босатты", - деген болатын.

Тасыбай мен Валентин 1952 жылы танысқан. Қиын-қыстау сәтте бірге болған олардың достығы Яблонскийлер Польшаға көшіп кеткеннен кейін де ажыраған жоқ. Бір-біріне хат жазысып тұрған достар ұзақ уақыттан кейін қайта қауышқанда көз жастарын тыя алмады.

Валентин Яблонский Қазақстанға қатты ауырып келгенін еске алады. Қазақтар болмаса, тірі қалуым екі талай еді дейді. Оңтүстік Қазақстанға әкеліп, тамақ-сусыз құр далаға тастағаны әлі есінде. Сол кезде бар-жоғы 16 жастағы Тасыбай қол ұшын созған.

"Өте жүдеу әрі ауырып тұрғанымды көрді. Кімсің және қайдан келдің деп сұрамай, тамақ әкеп берді. Осы кісілердің арқасында тез жазылдым. Тасыбай мен бүкіл қазақ халқына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Қолдарында барымен бөлісті. Сіздердің елдеріңізде өмір сүрген жылдары Қазақ халқы мен оның дәстүрін жақсы танып білдім. Қымыздың дәмі мен киіз үйде ет асып жегеніміз әлі жадымда сақталған. Қазақстанға барғым келеді. Жастық шағым өткен кез туралы кітап жазайын деп жүрмін", - деді ол.

Тасыбай ақсақал өмір бойы агроном болып, мақта өсірумен айналысқан. Тоғыз баланы тәрбиелеген ол бүгінде немелерінің қызығына бөленіп отыр. Қазақ пен поляк арасындағы осындай достық әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.