ТҮРКІСТАН: Мақтаарал футбол клубының құрылғанына 10 жыл толды

0
694

Мақтаарал футбол клубының ойыншыларына премьер-лигаға ресми түрде жолдама берді.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал футбол клубының құрылғанына 10 жыл толды

Күні кеше Мақтаарал мәдениет үйінде Мақтаарал футбол клубының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал футбол клубы 2021 жылғы Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан Біріншілігінде 21 ойын өткізіп, ойын кестесі бойынша 46-ұпаймен 2-ші орынды жеңіп алды. Осылайша ауданның командасы облыстың командаларымен иық тіресу үшін Республикалық Премьер-лигасына шығып отыр. Әрине, бұл шағын ғана ауданның тұрғындары үшін өте үлкен қуаныш.
Салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген Футбол федерациясының Түркістан облысы бойынша филиалының Президенті Хаким Көшқалиев Қазақстанның футбол тарихында ауданнан шыққан команда тұңғыш рет премьер-лигаға шыққанын өте үлкен жетістік екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол аз ғана бюджетпен үлкен шыңды бағындырған команданың жетістігінің құпиясында аудан басшылығының футболды қолдауға деген дұрыс көзқарасы жатқанын, Мақтааралда футболға деген жағымды атмосфера қалыптасқанын тілге тиек етті.
Осылайша ҚР Футбол федерацясының елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы марапаттауға келген өкілдері Мақтаарал футбол клубының ойыншыларына күміс медаль тағып, премьер-лигаға ресми түрде жолдама берді.
Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов алда клубтың бюджетін қайта қарау, стадионын талапқа сай ету, жалпы футболға республикалық деңгейде жағдай жасау секілді бірқатар міндеттер тұрғанын айтты.
Бірінші және Екінші лига клубтарының 2006 жылы туған жасөспірімдері командалары арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының Біріншілігінде де жергілікті Мақтаарал командасы ІІІ орынға қол жеткізді.
Аталған команданың ойыншыларына да қола медаль табысталып, алдағы 3-4 жылда жергілікті жасөспірімдер Мақтаарал командасының негізгі құрамында ойын көрсетуіне үміт артылды.
Айта кетейік, Мақтаарал футбол клубы 2011 жылы сол кездегі аудан әкімі Серік Турбековтың бастамасымен құрылған болатын.