ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 38 мың гектар жерге мақта егілді

0
1 204

Мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 38 мың гектар жерге мақта егілді

Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл мақтааралдық диқандар 38185 гектар жерге мақта, 11417,1 гектарға бақша, 4015,9 гектарға дәнді дақылдар, 1827,6 гектарға көкөніс, 1888 гектарға жаңа жоңышқа, 1689 гектарға ескі жоңышқа, 90,2 гектарға жеміс-жидек, 83,2 гектарға жүзім, 54,2 гектарға картоп екті.

Мамыражай мамыр айынан бастап Мақтаарал ауданында ауа-райы күрт жылынғандықтан, шаруалар көктемгі дала жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Мақтаны егу үшін аудан әкімдігінің бастамасымен мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылды. Сонымен қатар, Түркия мен Қытайдан да тұқымдық шит тасымалданды.

Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысты. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Ырыс" микро қаржы ұйымы арқылы жылдық 6%-бен 293 млн. теңгеден аса несие берілген.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд. теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құрап еді.

Былтыр да 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 96 511 тонна "ақ ұлпа" қамбаға жиналды. Орташа өнімділік 25 центнерге жетіп, мақташылар жылды толағай табыспен аяқтаған болатын. Биыл да мақтааралдық шаруалар ақ алтыннан жоғары көрсеткішпен өнім алуды көздеп отыр.