ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 760 тонна мақта шиті егуге дайын

0
2 080

Мақтааралда көктемгі дала жұмыстарының барысы семинарда пысықталды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 760 тонна мақта шиті егуге дайын

Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстарының басталуына байланысты облыстық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға аудан әкімі Б.Асанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов, қазақмақта ассоциациясы заңды тұлғалардың бірлестігінің төрағасы С.Бақтыбаев, «Қазақ мақта шаруашылығы» ҒЗИ-дың директоры И.Үмбетаев және Мақтаарал мен Жетісай аудандары әкімдерінің ауылшаруашылығы бойынша орынбасарлары, 2 ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы мамандары, шаруа қожалықтардың төрағалары қатысты.

Жиын барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Б.Асанов ауданның негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайтын болғандықтан көктемгі дала жұмыстарын сәтті бастау – маңызды қадам екендігін атап өтті.

«Биыл ауданымызда 35 мың гектар жерге мақта, 4,5 мың гектарға дәнді дақыл, 100 гектарға күнбағыс, 3,2мың гектарға көкөніс, 11,5 мың гектарға бақша, 6 мың гектарға мал азықтық дақылдары егіледі деп күтілуде. Ендігі мақсат - көктемнің әрбір сәтті күнін тиімді пайдаланып, мамырдың ортасына дейін шаруалар мақта шитін толық егіп бітуі тиіс. Ендеше, қырмандарыңызға береке тілей отырып, биылғы көктемгі дала жұмыстарын ашық деп жариялаймын» - деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы аудан бойынша егістік жер көлемі 61 мың гектарға жуық болса, биыл оның 58 мың гектар алқабында сор шаю жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 17 401 гектар алқап тырмаланып, 7 681 гектар алқап чизельденген. Сонымен қатар, ерте егілген көкөніс көлемі 342 гектарға, дәнді дақылдар 127 гектарға, бақша 4 311,5 гектарға, жүзім 5 гектарға жетті. Жалпы егілген егістің көлемі 5 590,5 гектарға жетті, яғни егілуі тиіс алқаптың 9,7 пайызын құрап отыр.

Мақталы өлкенің негізгі дақылы «Ақ алтын» болса, 2019 жылға мақтаны егу үшін 760 тонна тұқымдық шит дайындалды. Бағалары 240-350 теңге аралғында сатылуда. Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан алынған 2019 жылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының оңтайлы егу мерзімдері жөніндегі ұсынысына сәйкес, мақта дақылының тиімді егу мерзімі 20 сәуір мен 25 мамыр аралығын құрап отыр.

Көктемгі дала жұмыстары үшін 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3 876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары сақадай сай тұр. Ол үшін шаруаларымыз соңғы 3 айдың өзінде 139,3 млн тенгеге лизингке және өз қаржыларына 15 дана жаңа техника алған.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 4м160 тонна жанар жағармай бөлініп, «Sapali Munai» ЖШС-і арқылы 2 925 тонна,«Alem Munai inves» ЖШС-і арқылы 1 235 тонна таратылуда.

Айта кетейік, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 1-ші кезекпен 184,170 млн теңге 92 шаруашылыққа,2-ші кезекпен 37,390 млн теңге 18 шаруашылыққа қаражат берілді. Сондай-ақ, 3-ші кезекпен 48 шаруаға 72 млн теңге көлемінде құжаттар дайындалуда.