ТҮРКІСТАН: Мақтааралда "алтын күз-2019" мерекелік іс-шарасы өтті

0
1 327

Ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда

Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанының аяқталуына арналған "Алтын күз-2019" іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаруалар мерекені толағай табыстармен қарсы алып отыр. Шыбық шаншысаң шынар болып шығатын Мырзашөл өңірінің жері де жомарт екені белгілі. Оған биылғы жиын-терімнің нәтижесі дәлел бола алады.

Салтанатты кеште сахна төріне көтерілген аудан әкімі Бақыт Асанов 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29 миллиард теңгеден асқанын атап өтті. Өңір басшысы саладағы кез келген өнім түрінен өсім байқалғанын тілге тиек етіп, ол үшін жаздың аптап ыстығына, қыстың ызғарлы суығына қарамай еңбек еткен шаруалар мен диқандар қауымына үлкен алғысын айтты. Сонымен қатар, әр өнім бойынша үздік нәтиже көрсеткен озаттарды арнайы дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

"Сіздермен алтын күз мерекесі аясында кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, бұл мереке ала жаздай еккен егінін жинап алған диқандарымыз бен шаруаларымыз үшін айрықша деп ойлаймын. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Алтын күз мерекесі құтты болсын!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 100 мың тоннаға жуық ақ алтын жиналып, былтырғыдан қарағанда көрсеткіш едәуір өсіп отыр.

Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданынан шығады деседі. Бұл – Ресейлік және Еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл мақтааралдық диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында бақша дақылдарынан 291 363 тонна өнім өндіріліпті.

Сол секілді ауданымыздың еңбекқор диқандары биыл 46 132 тонна көкөніс, 62 775 тонна мал азықтық дақылдарды, 234 тонна бидай, 667 тонна жеміс-жидек, 9 450 тонна күріш, 299 тонна маш, 957 тонна жүзім өндіріп, оның басым көпшілігін экспортқа шығарған.

Биыл жылыжайлар көлемін қосымша 5 гектарға ұлғайту тапсырмасы берілген болса, қазіргі уақытта 5,5 гектар жерге жылыжайлар құрылып, тапсырманы орындау 109%-ға жеткен. Сондай-ақ, 60 гектар алқапқа жаңадан жүзім көшеттерін отырғызуға және 50 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын ендіруге тапсырма беріліп, екеуі де 100%-ға орындалды. Ал, 2019 жылы 94 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу тапсырмасы берілген болса, 10 айдың қорытындысы бойынша 124 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынған.