ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бақша өнімдері экспортталып жатыр

0
2 274

Былтыр мақталы өлкеде 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндірілді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бақша өнімдері экспортталып жатыр

Мақтаарал ауданынан қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Былтыр мақталы өлкеде 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндірілді. Ал, биыл 11502 гектарға бақша дақылдары егілді. Мұның ішінде 10 мың гектары қауын, 1500 гектардан астамы қарбыз дақылы. Қазірдің өзінде 35 мың тоннаға жуық бақша өнімдері Қазақстанның барлық аймағына таралып, Ресейге және Еуропаның бірнеше елдеріне экспортталып үлгерді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданының диқандары Республикада ең бірінші болып және Өзбекстанға қарағанда 1 апта бұрын бақша өнімдерін нарыққа шығарады.

Ғылым мен еңбекті ұштастырған сәтте кез келген қамалды бағындыруға болады. Мақтаарал ауданында "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары "ақ алтынды" зерттеумен ғана тоқтаған жоқ. Бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал болған "Мырзашөл" қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше аудандардың диқандары жаппай егіп жатқан "Жиенбет", "Валеть" сияқты т.б. қауынның сорттарын жасап шығарды.

Жаңа сорттардың дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді, яғни ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары диқандарымыз үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның бірнеше елдерінің нарығына кіріп отыр.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады.

Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.