ТҮРКІСТАН: Мақтааралда биыл 1000-нан астам тұрғын газбен қамтылады

0
1 116

Жобаның жалпы құны - 112,1 млн.теңге, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы қыркүйекте аяқталады.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда биыл 1000-нан астам тұрғын газбен қамтылады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең әуелі Азаттық елді мекеніндегі «Мегагорстрой» ЖШС сауда логистикалық орталығына аялдады. Жоба 352,8 млн. теңгеге жеке қаражат есебінен салынған. Жер көлемі - 3,7 га. Орталықтың құрылысы әлі жүргізіліп келеді. 1-кезеңде автотұрақ, павильон, әкімшілік ғимараты, таразы, дүкен салынған. 2-кезеңде қойма, қонақ-үй, техникалық қызмет көрсету орталығы, автокөлік қосалқы бөлшектер дүкені салынады.

Кейін облыс басшысы Азаттық елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жүйесі құрылысымен танысты. Бас мердігер - «Спец-Тех 1» ЖШС-і. Жобаның жалпы құны - 112,1 млн.теңге, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы қыркүйекте аяқталады. Іске қосылған кезде 145 абонент, яғни 1040 адам көгілдір отынмен қамтылады. Жобамен танысқан Өмірзақ Естайұлы аудандағы елді мекендерді кезең-кезеңімен толыққанды табиғи газбен қатар, ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін тапсырды.
Облыс әкімі Мақтаарал ауданына сапары аясында «Атамекен» кеден бекетінің «Сырдария» бекетінің жұмысын көрді. Аталған бекет Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында орналасқан. Жалпы 4 кеден қызметкері жұмыс істейді. Кеден жұмысымен танысқан Өмірзақ Шөкеев «Атамекен» кеден бекеті жанындағы 45 гектар жер телімін абаттандыруды тапсырды.
Сапар аясында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауданды дамыту мақсатында іске асырылатын жобалармен таныстырды. Оның ішінде, сметалық құны 112 млн 888 мың теңгені құрайтын құрылыс саласы бойынша 4 жоба, 4 спорт нысандары, абаттандыру бойынша 22 жоба, жалпы аудан бойынша сметалық құны 838 млн 152 мың теңгеге 37 жоба қолға алынбақ. Аудан басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан орталығында типтік мәдениет үйі мен халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарын салу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, Мырзакент пен Атакент кенттеріне кәріз жүйесін жүргізу мен көріктендіру-абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлер есебінен аудан орталығына қажетті нысандарды салуды қолға алу керектігін айтты.