ТҮРКІСТАН: ​Мақтааралда мақта терім науқанына байланысты семинар-кеңес өтті

0
1 156

Мақта дақылының жиын-терім науқанына байланысты семинар-кеңес өткізілді.


ТҮРКІСТАН: ​Мақтааралда мақта терім науқанына байланысты семинар-кеңес өтті

Мақтаарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында мақта дақылын күзгі жиын-терім науқанына дайындау мәселелері жөнінде арнайы семинар-кеңес ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиынға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Дербіс, Мақтаарал және Жетісай аудандары әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, жер және ауылшаруашылығы бойынша басшылар мен мамандар, мақта зауытының басшылары, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Семинардың күн тәртібінде мақта қозасына түрлі дефолианттардың әсері және оларды тиімді қолдану, инновациялық әдістерді пайдалану арқылы сапалы тұқымдық шит дайындау, мақта шикізатын өндіруді субсидиялау және мақта дақылын күзгі жиын-терімге дайындау сияқты бірнеше мәселелер қаралды.

Жиын барысында "Кетебай" өндірістік кооперативінің төрағасы, Жетісай аудандық маслихат депутаты Сәду Бекенов, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директорының орынбасары Оразбек Биғараев және дәл осы институттың технологияларды трансферттеу және бейімдеу бөлімінің меңгерушісі Амандық Қостақовтар баяндама жасады. Сондай-ақ, институттың директоры Ибадулла Үмбетаев мақта өнімін молайтудың өзекті мәселелері жөнінде өзінің құнды әрі пайдалы кеңестерімен ой бөлісті.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Б.Асанов күзгі жиын-терім науқаны жауапты кезең екенін атап өтіп, осы бір науқанды тиімді әрі сәтті ұйымдастыру жұдырықтай жұмыла жұмыс істеу керектігін еске салды.

"Құрметті ауданымыздың еңбекқор диқандары! Ең алдымен, қырмандарыңызға береке тілеймін. Жерден алатын несібелеріңіз мол болсын! Күзгі жиын-терім науқанының сәтті өтуіне тілектеспін!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, биыл мақтааралдық диқандар 38 мыңнан аса гектар жерге мақта шитін сепкен болатын. Қазіргі таңда ең бірінші болып ауданға қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің шаруалары мақта терім науқанын бастап кетті.