ТҮРКІСТАН: Мақтааралда сор шаю жұмыстары жүріп жатыр

0
744

Диқандар қырыққабат пен қызылша егуді бастап кетті.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда сор шаю жұмыстары жүріп жатыр

Мақтаарал ауданында қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданы бойынша жалпы 60,9 мың гектар егістік алқап бар. Оның ішінде 55667 гектар алқапта жер жырту жұмыстары жоспарланған болса, қазіргі таңда 50723 гектары жыртылған. Бұл жоспардың 91%-ы орындалғанын көрсетеді.


Ағын суды барынша үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу үшін 27301 гектар егістік алқапта пал алу жұмыстары жүргізіліп, ауданның шаруалары қысқы сор шаю жұмыстарын бастап та кетті. Қазіргі таңда 3135 гектар алқап суарылып үлгерген. Ал, Достық магистралды каналынан Мақтаарал ауданының егістік алқаптарына секундына 32 текше метр су келуде. Осы тұрақты көрсеткішті сақтай отырып қысқы сор шаю жұмыстарын наурыз айының алғашқы он күндігіне аяқтау жоспарланып отыр.


"Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы" РММ-ің аудан бойынша берген картасына сәйкес, ауылдық округі бойынша суармалы жерлердің 1,4 мың га (2,1%) өте күшті, 3,4 мың га (5,3%) күшті, 16,3 мың га (2,6%) орта, 15,8 мың га (2,4%) шамалы тұзданған. Ал 26,6 мың га (41,7%) тұзданбаған жерлер болып саналады. Осыған байланысты біз ауылдық округтердің жер мамандарымен біргелікте бөлінген санат бойынша егістік алқаптарлдың кадастр нөмірін анықтап шықтық. Сондай-ақ, анықталған кадастр бойынша әр шаруаға жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жерді сорланудан сақтау үшін жасауы керек шаралар туралы айтып жатырмыз", - деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.


Айта кетейік, Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың әрбір сәтті күнін пайдаланып, қырыққабат пен қызылша егуді де бастап кетті.