​ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық жігіт өз өнерін әлеуметтік желі арқылы көпке үйретіп жүр (видео)

0
844

Бүгінде мақтааралдық жігіт «Streetlifting» спорты бағытында жаттығуды қолға алған.


​ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық жігіт өз өнерін әлеуметтік желі арқылы көпке үйретіп жүр (видео)

Бүгінде мақтааралдық жігіт Азамат Сапаров youtube әлеуметтік желісінде кермеге (турникке) тартылудың қыр-сырын үйретіп, қазақша дәрістер өтуді қолға алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Азамат Сапаров 2000 жылы қазіргі Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентінде дүниеге келген. “Мырзакент” мектеп-гимназиясын тәмамдап, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 3 курс студенті.

Бала кезден кермеге (турникке) тартылуды жақсы көретін Азамат алғашында 20-25 рет тартылып жүреді. 2014 жылдан бастап кәсіби түрде айналысуды бастаған жаттығу жасаудың тұрлі элементтерін кітаптар мен ғаламтордан оқып үйренеді.

Бүгінде аптасына 4 күн жаттығатын мақтааралдық жігіт «Streetlifting» спорты бағытында жаттығуды қолға алған.

Еліміздегі кенжелеп қалған спорт түрімен айналысқан алғашқы жылдардан бастап жақсы нәтижелерге қол жеткізген Азамат 2018 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен өткен “Street workout challenge” сайысының жеңімпазы атанып, 500 мың теңгеге ие болады. Сол жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ІІІ орынды қанжығасына байлайды.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде спорттың аталмыш түріне қызығушылық танытушыларға дәріс өтіп, қыр-сырын түсіндіретін жігіт алдағы уақытта әлемдік дәрежедегі спортшылармен бір сапта болып, халықаралық сайыстарда жеңіске жетуді мақсат етіп қойған. Мақтааралдық жігіт артынан ерген інілерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

“Дені саудың – жаны сау” дегендей адам баласы алдына жақсы мақсат қойып, арманына жетуі үшін бірінші кезекте денсаулық керек. Дені сау адам ғана қоғамның толыққанды мүшесі бола алады” , - дейді спортшының өзі.