ТҮРКІСТАН: Маңызды нысандардағы жұмыстар қатаң бақылауда

0
551

Сапасыз жұмыстар сыннан өтпейді.


ТҮРКІСТАН: Маңызды нысандардағы жұмыстар қатаң бақылауда

Түркістан облысындағы жұмыстар жіті бақылауда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев жұмыс барысымен аудандағы маңызды нысандарды аралап, онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Алғаш болып аудан әкімі Жетісай қаласындағы Дайрашев көшесінің бойында орналасқан Шохан Уәлиханов атындағы мектептің орнынан ірге тасы қаланып жатқан 300 орындық мектептің құрылысымен танысты.

"Сапасыз жұмыстарға жол берілмесін. Қазір мұнда мектептің ірге тасы қаланып жатыр. Біз 5-6 жылдық ғимарат салып жатқан жоқпыз, біз қазақ баласының болашағы бастау алатын білім ошағын салып жатырмыз осыны естен шығармаңыздар. Мектептің сапалы болуы ірге тасынан бастау алады. Сондықтан бірінші орында сапа болуы керек. Сапасыз жұмыстарға жол берілмесін", - деді аудан әкімі.

Одан бөлек аудан әкімі 80 гектар аумақта салынып жатқан, құрылысы аяқталуға жақын қалған 1200 орындық мектептің жұмыстарын бақылап шықты.

"Сіздің берген тапсырмаңыз бойынша мектепті биылғы оқу жылына тапсырамыз. Қазір мұнда соңғы әрлеу жұмыстары жасалынып жатыр. Білім алушылар үшін қажетті жағдайлардың барлығын қарастырдық",- дейді Жетісай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Абибуллаев Мұса.

Өз кезегінде аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев барлық жұмыстарды талапқа сай орындауды тапсырды.