ТҮРКІСТАН: Марокко шегірткесіне қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр

0
140

271,6 мың га алқапта жүргізу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Марокко шегірткесіне қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр

Түркістан өңірінде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 16 сәуірден басталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2024 жылдың 17-18 сәуір күндері Түркістан облысы әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Ермек Кенжеханұлы штаб мүшелерімен бірге Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес аудандарына барып, аса қауіпті Марокко шегірткесімен күрес жұмыстарының барысымен танысты.


Жалпы облыс көлемінде химиялық өңдеу жұмыстары 16 сәуірден басталған болатын. Осыған орай, штаб төрағасы бұған дейін өңделген аумақтарды аралап, биологиялық тиімділікті қарап, өңдеу жұмыстарына жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, аудан, қала әкімдіктеріне қарасты аумақтарда аса қауіпті Марокко шегірткесімен тиімді де нәтижелі күрес жұмыстарын ұйымдастыру және қосымша анықтаушыларды көптеп тарту тапсырылды. "РФДжБӘО" РММ Түркістан облыстық филиалына белгіленген аумақтарда анықтау-зерттеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, күнделікті экономикалық зиянды шегінен асқан аумақтардың зерттеу актілерін ұсыну міндеті жүктелді. Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компанияларға өңдеу жұмыстарына қосымша техникалар мен ұшақтар тарту және бұдан әрі "Тиаметрин" препаратын қолдану, оның 1 реттік шашу нормасын барынша ұлғайту жөнінде тапсырма берілді. Ал Түркістан облыстық аумақтық инспекциясына зиянкес жәндік таралған аудан, қаладағы аумақтарда қарқынды жұмыстар жүргізіп, облыста фитосанитариялық ахуалдың тұрақты болуын қамтамасыз ету керектігі айтылды.


Биыл облыс бойынша Марокко шегірткесімен күрес жұмыстарын 271,6 мың га алқапта жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 162,1 мың га жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, 107,4 мың га әуемен, 0,7 мың га аспалы бүрікішпен және 1,4 мың га аумақ ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді.


Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 21 жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыстардан 3 маман, болжам орталығынан 79 маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысуда.