ТҮРКІСТАН: ​Мәжіліс депутаты шардаралықтармен жүздесті

0
2 201

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әлтаев пен Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлібай Дәрібаев Шардараға арнайы іссапармен келді.


ТҮРКІСТАН: ​Мәжіліс депутаты шардаралықтармен жүздесті

Парламент мәжілісінің депутатымен өткен жиында Шардаралықтар кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын дамытып, қызмет сапасын жақсарту жайындағы ұсыныстарын айтты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халық қалаулысы Нұржан Әлтаевтың Шардараға іс-сапары Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Иіржар агро» ЖШС-нен басталды. Жыл сайын бітік өнімге қол жеткізетін шаруашылық биылғы жылы 195 гектар алқапқа шитті мақта егіп, оның 160 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданып отыр. Одан бөлек 43 гектарға бидай, 52 гектарға жоңышқа, 10 гектарға пияз, 3 гектарға жүгері дақылдарын орналастырған.

Мұнан кейін мәжіліс депутаты аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында тұрғындармен кездесті.

"Қазақстан Республикасы –қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет.Елбасының «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» тағы басқа ел дамуындағы маңызды бағдарламалары арқылы елде көптеген оңды өзгерістерорын алды. Бүгінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту арқылы еліміздің одан әрі дамуынажол ашылды. Әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жолына қажетті мәселелер заңдармен реттеліп, бекітілуі керек. Осы бағытта еліміздің Парламенті халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып заңдар қабылдап, өзгерістер енгізуде", - деді аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.

Тұрғындар арасынан сөзге шыққан еңбек ардагері Үсен Құралбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайлы айтса, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев Қызылқұм каналынан мал өтетін көпір салу керектігін жеткізді.

Ал, мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін ашып, еңбек етіп жүрген жас кәсіпкер Мақсат Желдібаев кәсіпкерлікпен шұғылданатын жастардың практикалық білім алу шеңберін кеңейтіп, шетелдерге тәжірибе алмасуға жіберілсе деген ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар, жиында аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшысы Базарбай Тілеуімбетов шаруалар игілігі үшін ауданда қаржы институттарының ішінде жалғыз «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілі ғана жұмыс жасайтынына қынжылыс білдірді. Сонымен бірге, кәсіпкер құқықтарының қорғалуы мен оларға жасалынар жағдайды жақсарту жөнінде ойларын ортаға салды.

Жиын барысында шардаралықтар тарапынан айтылған өтініш-тілектер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.