ТҮРКІСТАН: Мемлекетке қайтарылатын нысан иелері қалаған мекемесіне бағалау жасата алады

0
378

Нысан иелері берілген бағамен келіспесе, өз тараптарынан кез келген лицензиялы мекемеге бағалау жасата алады.


ТҮРКІСТАН: Мемлекетке қайтарылатын нысан иелері қалаған мекемесіне бағалау жасата алады

Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасына сәйкес, қалаға құрылыс нысандарын салу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарына сәйкес, қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі. «Тарихи аймақ» — 88,7 гектар,«Рухани-мәдени орталық» аймағы – 98 гектар, «Әкімшілік-іскерлік орталық» аймағы – 700 гектарды құрайды. Осыған орай, құрылыс нысандарына қажетті жерлерді қайтару жұмыстары заң негізінде жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ аталатын «Рухани-мәдени орталықта» қажетті жерді дайындау мақсатындамемлекеттің мұқтаждығы үшін 167 нысанды (13 кәсіпкерлік, 154 тұрғын үй) қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы: «Аталған 167 нысанға акт толтырылып суретке түсірілген. Бүгінгі таңға 161 нысанның бағалау жұмыстары толық аяқталды. Қазір 6-на бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, конкурстың нәтижесінде нысандарды бағалау жұмыстарын «Экспо Оценка» ЖШС-іжүргізді. Бағалау жұмыстары біткен 161 нысанның бүгінгі таңда 91 меншік иесенің келісімі алынған. Бұл келісім алынған нысан иелерінің құжаттары толығымен аяқталып, бүгінде тұрғын үй нысандарын босатып, бұзу жұмыстары басталып кетті. Иелері келісім берген нысандардың бүгінде 13-не бұзылу жұмыстары жүргізілуде. Ал келісімге келмеген 40 нысанның құжаты заңға сәйкес сотқа жолданды. Отызға жуық азаматпен келісім жұмыстары жүргізілуде», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

Сондай-ақ, «Әкімшілік-іскерлік орталыққа» түсетін 672 гектарды құрайтын жер аумағының бүгінгі таңда заң талаптарына сәйкес 470 гектары қайтарылды.

Айта кетерлігі, нысан иелері берілген бағамен келіспесе, өз тараптарынан кез келген лицензиялы мекемеге бағалау жасата алады. Нәтижесінде екі тараптың бағалау нәтиежелері сотқа жолданып, заң талаптарына сәйкес шешіледі. Сонымен қатар, келіспеген тұрғындармен арнайы өтініштері бойынша жұмыс жасау үшін 2018 жылғы 14-желтоқсандағы №780 қала әкімінің өкімімен 29 адамнан құралған комиссия жұмыс жасауда. Ол комиссияның құрамында мемлекеттік қызметкерлер және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен мүшелері, депутаттар болады.

Заңға сәйкес мемлекеттің мұқтажы үшін жер қайтару жұмыстарына және бағалау жұмыстарына келіспеген тұрғындармен бірнеше рет түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет