ТҮРКІСТАН: «Мерейлі отбасы – 2021» байқауының жеңімпаздары Президент сыйлығымен марапатталды

0
649

184 отбасы өтініш білдіріп, байқаудың алғашқы кезеңінде 30 отбасы жеңімпаз атанған.


ТҮРКІСТАН: «Мерейлі отбасы – 2021» байқауының жеңімпаздары Президент сыйлығымен марапатталды

«Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының үздігі атанғандар жеңімпаздары Президент сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылы бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биылғы жылы өзгеше бағытта қорытындыланды. Байқаудың облыстық кезеңдерінде топ жарған 17 отбасы байқау жеңімпаздары ретінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың марапатына ие болды. Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті.


Қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеру, шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтауға бағытталған байқау жеңімпаздарын құттықтаған Қырымбек Елеуұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, салтанатты шараны ашып берді.


Атап өтсек, Түркістан облысы бойынша жеңімпаз атанған Жамаловтар отбасына Мемлекет басшысының марапатын облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев табыстап, өңірдегі отбасылық тәрбиені қалыптастыруға қосқан үлестері үшін айрықша алғысын білдірді. Жамаловтар отбасы - Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылының тұрғындары. Тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін көрсеткен отбасы мүшелері Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне көрсеткен құрметі үшін ризашылықтарын жеткізді. Байқау жеңімпаздарына арнайы статуэтка, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың дипломы мен қомақты қаржылай сыйлық табыс етілді.


Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауына қатысу үшін биылғы жылы облыс бойынша 184 отбасы өтініш білдіріп, облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 30 отбасы жеңімпаз атанған болатын.