ТҮРКІСТАН: Мерекеде «Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды

0
888

Акцияға облыстағы 17 аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен тұрғындар белсене қатысты.


ТҮРКІСТАН:  Мерекеде «Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Түркістан облысында Наурыз мейрамында өңірде «Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі шараға Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйытқы болып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Акцияға облыстағы 17 аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен тұрғындар белсене қатысты. Облыс орталығындағы жалпы сенбілікте мемлекеттік қызметкерлер қаладағы арық-атыздарды және көше бойларын күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеп, жеміс және сәндік ағаш көшеттерін екті.
Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау мақсатында өңірде елді мекендерді жасыл желекпен көмкеру тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жолғы акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.
Облыс орталығының айналасынан жасыл желекті қорған құру және Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд. әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы аясында жұмыс жүріп жатыр. Осы бағытта облыс бойынша 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу Кешенді жоспарына қоса Түркістан қаласының «Жасыл белдеуіне» қосымша тағы 6400 гектар аймаққа көшеттер егу жоспарланған.
Биыл облыста кешенді жоспарға сәйкес, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 20 300 гектар жерге 32214,23 мың дана көшет егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1310 гектар жерге 2339,6 мың дана көшет егілген. Өткен жылғы мәдени орман алқаптарын толықтыруға 2161,2 мың көшет босатылды.
Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту үшін де «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» жобалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл қала аумағында 210 000 дана 10 түрлі біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланған. Оның 60 000 данасы егілді. Қалғанын осы айдың соңына дейін отырғызу көзделуде. Облыс орталығына 17 түрлі бейімделген 249 000 дана ағаш көшетін (көктем мезгілінде 100 000 дана, күз маусымында 149 000 дана) егу жоспарланып отыр. Биыл көктемде жасыл белдеуде тек толықтыру жұмыстары атқарылады.
Түркістан қаласын көгалдандыру үшін қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл аймақ» КММ-інде 120 гектар жерде орман тұқымбағы орналастырылды. Ол жерде қазір 3,5 млн дана көшет өсірілуде. Бүгінгі таңда орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, 356 гектарға жетіп отыр. Онда әр жылы 35,0 – 40,0 млн. әртүрлі ағаш көшеттерін өсіру қолға алынады.
Ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту жұмыстары тоқтамайды. Қазіргі таңда аймақта 3 млн. 144 мың гектар орманды дала жері бар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн. 517,15 мың гектарға жетті. Сонымен қатар «Жасыл белдеу» аумағына «Қазатомпром» АҚ-мен 5400 гектар жапырақты және сексеуіл көшеттері мен тұқымы егілді. Жалпы көлемі 11010 гектарды құрады. Қазіргі таңда жұмыстар жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде «Жасыл белдеудің» көлемі 20 000 гектарға жетеді деп көзделіп отыр.
Мамандар тұрғындарға әр аулаларға тал егу, айналадағы бұлақ көздерін ашып, тазалық жұмыстарын жүргізіп табиғатқа жанашырлық жасауға өз үлестерін қосуға шақырады.
Айта кетейік, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелердің питомниктерінде 27 миллионнан астам түрлі ағаш-бұта көшеттері күтіп-бапталуда.