ТҮРКІСТАН: Мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы Қазығұрттан басталды

0
509

Мақсат — басшыларды ауылдарға жіберіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдату, көмектесу.


ТҮРКІСТАН: Мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы Қазығұрттан басталды

Түркістан облысындағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясын модернизациялауды тапсырған болатын. Соған сәйкес партияны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасы басталды. Бұл бастаманың мақсаты — ауыл тұрғындарын аудан орталықтарына сабылтпай, керісінше басшыларды ауылдарға жіберіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдату, көмектесу.


Алғаш рет осы жоба Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының 3 ауылдық округінде өтті. Облыстық басқарма өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құрылымдық сала мамандары аталған 3 ауылдық округке барып, жергілікті 125 азаматтың талап-тілектерін тыңдады. С.Рақымов ауылдық округінде өткен мобильді қоғамдық қабылдауда 67 азаматтың арыз-өтініштері қаралды. Онда көтерілген мәселелердің басым бөлігі жайылым жер, ағын су, каналдарды тазалау мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты болды. Мәселен Көкібел елді мекенінің тұрғыны Б.Абдиров бірден 4 мәселеге шағымданды. Айтуынша, 80 тұрғын үй каналдағы ағын суды пайдаланады және оған механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар күл-қоқыс тазалайтын полигонның қараусыз қалуы, өзіне тиесілі жерге қатысты заңсыздықтың орын алуы және елді мекенге жаңа стадион салу жайы алаңдатанынын жеткізді.


Ал, Жаңабазар елді мекеніндегі 10 азаматтың талап-тілектері әр түрлі. Атап айтқанда, А.Жаналиев «Бейнеткеш» мөлтек ауданына елді мекен статусы қайта берілсе деген өтінішін білдірді. Бұдан бөлек Ә.Қуатбай облыстық маңызы бар КХ-29 жолын қайта күрделі жөндеуден өткізу керектігін назарға алуды сұрады. Қабылдауда сонымен қатар елді мекеннің инфрақұрылымы, жайылым жер, жастарды қолдау үшін үйірмелер ашу мен әлеуметтік мәселелер де көтерілді.


Мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері мұнан соң Жігерген ауылдық округінде болды. Онда 15 азамат мәдениет, асфальт жол салу, электр бағаналарын жаңарту, жайылым жер, көпір салып беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жол кедергілерін орнатуға ықпал көрсетуді сұрады.


Атап өтерлігі, аталған жоба 15 наурыздан бастап 1 маусымға дейін жалғасады. Яғни мобильді қоғамдық қабылдау арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекенін қамту жоспарланған. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе жіті бақылауға алынып, тиісті органдар арқылы оңтайлы шешілуіне дейін партия филиалының назарында болады.