ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын портал іске қосылады

0
878

Порталды енгізу нәтижесінде тауарларға үлкен таңдау, оңалту құралдары мен қызметтер нарығына теңдей қолжетімдік қамтамасыз етілмек.


ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын портал іске қосылады

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Бүгінде Түркістан облысында 93 мың мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр, бұл облыс халқының 4,7 %-ы, республика бойынша 13,4 %-ы. 2020 жылдан бастап мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары әлеуметтік қызметтер Порталын енгізу арқылы жүргізілетін болады. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаевы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Біздің негізгі мақсатымыз – оларды белсенді қоғам өміріне тарту. Осы мақсатта мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қорғаудың және қолдаудың кешенді шаралары қарастырылып отыр. Оның ішінде жәрдемақылардың 4 түрі (жалпы және кәсіби аурулар, еңбекте мертігу, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, бала кезінен бері мүгедек жандар), қызметтер мен оңалту құралдарын, санаторий-курорттық емдеуді, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну», - деді Әсия Құралқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған мәселелер алдағы уақытта әлеуметтік қызметтер Порталын енгізу арқылы шешілетін болады. Портал оңалту құралдары мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу мерзімдерін қысқартуға және олардың сапасын арттыруға бағытталған. Порталды енгізу нәтижесінде тауарларға үлкен таңдау, оңалту құралдары мен қызметтер нарығына теңдей қолжетімдік қамтамасыз етілмек. Мемлекеттік қызметтердің сапасы өседі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырмайды.

«2020 жылдан бастап 5 бизнес-процесстің 2 түрін порталға ауыстыру жоспарланып отыр. Олар: арнаулы әлеуметтік қызметтер және 55 техникалық оңалту құралдарының ішінен 24 түрімен қамтамасыз ету. 2020 жылдың көктемінен бастап қызметтердің қалған 3 бизнес-процессін Портал арқылы алу мүмкіндіктері қарастырылуда (санаторлық-курорттық, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері)», - деді Әсия Темірбаева.

Порталды енгізудің ерекшеліктері: қызмет алушының жеткізушілермен делдалдарсыз тікелей өзара әрекеттесуі; жеке қажеттіліктердің есепке алынуы; тауарлардың кең таңдауы; оңалту құралдары мен қызметтері нарығына тең қолжетімділік; мемлекеттік қызметтердің оңтайландырылуы және автоматтандырылуы; сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою; мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингін күшейту.

Дереккөз:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі