ТҮРКІСТАН: Мырзашөл өңірінің тұрғындары сапасыз ауыз су ішуге мәжбүр

0
2 294

Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған 168 елдімекендегі тіршілік нәрінің сапасына аудандық Қоғамдық Денсаулық Сақтау Басқармасы санитарлық-бактериологиялық және санитарлық-гигиеналық тексеру жүргізген. Нәтежиесінде кей ауылдардағы ауыз су сапасы сын көтермей, олқылыққа орын берген 5 маманға 200 мың теңгеге жуық айыпұл салынды.


ТҮРКІСТАН: Мырзашөл өңірінің тұрғындары сапасыз ауыз су ішуге мәжбүр

Мырзашөлдегі қос ауданның қала, кенттері мен ауылдық округтері аумағындағы 182 елді мекеннің 168 елді мекеніндегі 305 700 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілсе, 14 елді мекен тұрғындары ұңғы суынан пайдаланады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Нақтырақ айтқанда, аудандық Қоғамдық Денсаулық Сақтау Басқармасы Жетісай және Мақтаарал аудандарында орналасқан «Мақтаарал» ТКШК, «Мақтарал и К» ТК, «Елсу» ЖШС, «Ауыз су» ЖШС, «ЖК Сарбасов» сынды 11 ауыз су жүйесі құрылымдарына ерекше тәртіппен тексерулер жүргізілген. Тексеру барысында санитариялық-бактериологиялық зертханаға 57 сынамалар алынып,оның жетеуінен, ал, санитариялық-гигиеналық зертханаға алынған 73 сынаманың біреуінен сәйкессіздік анықталған. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерінде анықталған бірқатар кемшіліктерге байланысты ауыз су жүйелерінің жауапты бес қызметкерлеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 192 400 тенгеге айыппұл салыныпты.

Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында Мақтарал аудандық Қоғамдық Денсаулық Сақтау Басқармасы тарапынан ауыз су құрылымдарының басшыларына 11 санитариялық- эпидемиологиялық нұсқамалар берілген. «Алынған барлық ауыз су сынамаларының санитарлық-бактериологиялық зертханалық талдау қорытындысы бойынша жалпы микробтық саны қалыптан жоғары болуының бірден-бір себебі – тұрғындарға ауыз су жеткізіп беруші мекемелердің ешбірінде судың сапасын күнделікті бақылап отыратын өзіндік өндірістік зертханаларының болмауынан» дейді мамандар. Халықтың денсаулығын емес, қалтаның қамын ойлаған осындай кейбір атқамінерлердің жауапсыздығынан қос ауданның тұрғындары сапасыз ауыз су пайдалануға мәжбүр болып отыр.