​ТҮРКІСТАН: Наурыз мейрамында ұлттық тағамдар көрмесі өтті

0
1 027

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Түркістан облысында он күн атап өтіледі.


​ТҮРКІСТАН: Наурыз мейрамында ұлттық тағамдар көрмесі өтті

Көктем оңтүстіктен басталады. Бүгін Түркістан облысының 17 аудан, қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Түркістан облысында он күн атап өтіледі. 10 күн бойы игі істермен, мазмұнды іс-шаралармен өрнектелді. Бүкіл аудан, қалада, ауылдарда елді тазалыққа, бірлікке, елдікке, берекеге бастайтын іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміз, құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз дәріптелді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандықтармен бірге Наурыз мерекесін атап өтті. Спортшылармен жүздесіп, сәбидің тұсауын кесті. Ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне қатысды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдар көрмесі өтті. Қазақ халқы ежелден табиғи өнімдерді тұтынған. Мал шаруашылығын қолға алып, төрт түлікпен біте қайнасқан бабаларымыз әсіресе малдың еті мен сүтінен өте көп тағам түрлерін дайындаған. Наурыз думанын кең көлемде тойлауға арналған биылғы жылдың күнтізбесіне енген Ұлттық тағамдар көрмесінде төл тағамдарымыз молынан жасалды. Сонымен қатар ұмыт болып бара жатқан кейбір тамақ түрлері дәл осы күні жаңғыртылды. Әсіресе, төрт түліктің сүтінен жасалатын тағамдардың орны ерекше. Ата - бабадан мирас болып қалған дәмі тіл үйіретін тағамдарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінді.
Мұнда каратэ, кикбоксинг, бокс, дзюдо, самбо және семсерлесумен айналысатын жас спортшылар өнер көрсетті. Спорт әуесқойлары гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату бойынша жарыстарға қатысып, өз шеберліктерін көрсете білді. Наурыз мерекесінде Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков 55 келілік қошқарды 303 рет көтеріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Жеңімпазға өзі көтерген қошқар сыйға берілді.
Мерекеге жиналған көпшілік киіз үйлерде арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Этноауылға саяхат жасап, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін тамашалады. Қолөнер шеберлерінің көрмесіне 17 аудан, қаладан 50-ден астам шебер қатысты. Шеберлер ағаш өнері, керамикалық бұйымдар, зергерлік бұйымдар, тоқыма бұйымдары, кілем, алаша, гобилен тоқу өнері бойынша өз бұйымдарын ұсынып, шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.
«Керуен сарай» туристік кешенінде 30 киіз үй тігіліп, әр киіз үйге атау берілді: Тұран ауылы, Яссауи ауылы, Түркістан ауылы, Ақындар ауылы, БАҚ ауылы, Абыздар ауылы, Ұстаздар ауылы, Палуандар ауылы, Диқандар ауылы, Теміржолшылар ауылы, Фараб ауылы, Шеберлер ауылы және т.б. Мұнда келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.