ТҮРКІСТАН: Назарбаев зияткерлік мектебі алғашқы оқу жылын түйіндеді

0
592

720 оқушыға арналған мектепте қазір 360 оқушы бар.


ТҮРКІСТАН: Назарбаев зияткерлік мектебі алғашқы оқу жылын түйіндеді

Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің алғашқы түлектері соңғы қоңырау соқты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы оқу жылы түйінделіп, «Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ» атты салтанатты жиын өтті. Жиында аталған мектептің директоры Балқан Қасымов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңсесініңтөрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова және өзге де азаматтар қатысып, оқушыларды, мектеп ұжымын оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.


Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2021 жылы қараша айында ашылды. 720 оқушыға арналған мектепте қазір 360 оқушы бар. 23 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мектепте 120 балаға арналған жатақхана, 360 орындық асхана, кітапхана, спорт кешені және мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. Спорттың бірнеше түрін дамытуға жағдай жасалған. Кітапхана қорында қазақ, ағылшын және орыс тілінде 15 мыңға жуық кітап қоры бар. Мектеп қабырғасында интеллектуалдық сайыстар, робототехниканы дамытуға арналған «Жасанды интеллект және мехатроника» Наурыз кездесулері ұйымдастырылды. Жас ақын-жазушылармен жүздесулер өткізілді.


Мектепте агроөнеркәсіпті зерттеу бағытында оқушылар зертханада жұмыс істеп жатыр. Ғылымды дамытуға, білім алуға бар жағдай жасалған. Алты ай ішінде жас білім ұясының оқушылары республикалық желілік олимпиадада жүлде иеленіп үлгерді. 8-сынып оқушысы Дәулет Маханбеталиев географиядан екінші орын алса, Алихан Гайдаенко биологиядан үшінші орынға ие болды. Мектепте 41 мұғалім жұмыс істейді. Оның 14-і – өзге өңірлердегі зияткерлік мектептерден ауысып келген тәжірибелі мамандар. Назарбаев университеті мен «Болашақ» бағдарламасын тәмамдаған ұстаздар да қызмет етеді.