ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі қазығұрттық кәсіпкерлермен кездесті

0
922

6 айда 27 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі қазығұрттық кәсіпкерлермен кездесті

Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес нысандары көбейген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саны 3 жылда 60 пайызға артқан. Биыл 6 айда кәсіпкерлік саны 14 мыңнан асып, 27 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023-2027 жылдары 18,5 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл сайын артуда. Оған ауданда ашылған индустриалдық аймақтың үлесі мол. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданының кәсіпкерлерімен кездесті. Жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру екенін айтқан облыс басшысы өңір кәсіпкерлеріне қолдау күшейтілетінін айтты.


Алдымен Қақпақ ауылдық округіне қарасты Қақпақ елді мекенінде «Ынтымақ» ӘКК» өндірістік кооперативі су электр станциясының құрылысымен танысты. Жоба құны 700 млн. теңгені құрайтын өндіріс орнын кәсіпкер өз қаржысына салған. Биыл шілде айында іске қосылған станцияда сағатына 1,4 МВт электр энергиясын өндіреді.


"Биыл ауданда құны 6 млрд. теңге болатын 28 жобаны іске асырып, 349 адамды жұмыспен қамтамысыз ету жоспарланған. Осындай жобалардың бірі – «Қарқын-2030» компаниясы мал сою цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Тәулігіне 300 бас ірі қара мал сою мүмкіндігі бар. Бұл жобаның басымдылығы толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Жалпы құны 750 млн. теңге болатын цехты 1 қазанда ашу жоспарлануда. 25 адамды жұмыспен қамтиды. Бұдан бөлек аудандағы индустриалды аймақта жеке кәсіпкер «Билол» тарапынан 375 млн. теңгеге «Болат шарларын балқытып шығаратын» зауыт салу жоспарлануда. Жалпы 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Аталған жобаны жыл соңына дейін іске қосу күтілуде. Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Жалпы, жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру", – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Шарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Бірлік және Береке-Агро» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» атты алма түрлерін өсіретін қарқынды бауға айналған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-нан қаржыландырылған жоба құны 2 млрд. 500 млн. теңгені құрайды. Көлемі 150 гектар суармалы жер, соның ішінде бау 120 гектарды құрайды. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Өндіріс орнын 24 дана техникамен жабдықталған.