ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Шардара спортшыларына автокөлік тарту етті

0
2 316

Облыс әкімі спортшылармен естелік суретке түсіп, алдағы Румынияда өтетін Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Шардара спортшыларына автокөлік тарту етті

Шардара ауданына іссапармен келген Түркістан облысы Әкімі Өмірзақ Шөкеев “Шардара Армспорт” клубының жұмысымен танысып, оң бағасын берді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шардара ауданына жасаған іс-сапары барысында армреслингтен әлемді мойындатқан “Шардара Армспорт” клубына арнайы атбасын бұрды. Спорттық нысанды аралап, спортшыларға жасалған жағдайлармен танысты. Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, "Шардара Армспорт" спорт клубының негізін қалаған Қарсыбаев Арман Романұлына спорттың дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғысын білдірген облыс басшысы әлі талай әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығаратынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы “Әлем чемпиондары” аллеясының, “Шардара Армспорт” клубының таэквон-до, карате және жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қатысып, спорт клубына жас спортшыларды жарыстарға тасымалдайтын шағын автобус тарту етті.
Облыс әкімінің су жаңа автокөліктің кілтін алған армреслингтен Әлем чемпионы Мағжан Шамиев Өмірзақ Естайұлын “Әлем чемпиондары” аллеясына алғашқы ағаш көшетін отырғызып, чемпиондар көшін бастап беруді сұрады. Осылайша әлемді мойындатқан шардаралық чемпиондармен көшет отырғызған облыс әкімі спортшылармен естелік суретке түсіп, алдағы Румынияда өтетін Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.