ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі шардаралық шаруалармен жүздесті

0
1 832

Топырағы құнарлы, халқы еңбекқор шардаралықтардың нәтижелі жұмыстарына көңілі толған облыс әкімі оң бағасын берді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі шардаралық шаруалармен жүздесті

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шардараға жасаған іс-сапары барысында Шардаралық шаруалармен жүздесіп, атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардараға жасаған сапары барысында өңір басшысы “Тұрар” шаруа қожалығында болды. Юрий Ан басшылық жасайтын шаруашылық ерте көктемде 35 гектарға пияз, 40 гектарға мақта, 20 гектарға бақша дақылдарын еккен. Алғашқы егістен ойдағыдай өнім алған диқандар екінші өнімге қызылша мен күздік пияз, қырыққабат дәнін сепкен. Аграрлық күтіп-баптау шараларының уақытылы жүргізілуінің нәтижесінде бітік өнім өсірген қожалық иесі:
“Сіз көктемде келген іс-сапарыңызда егістік алқаптарынан бір жылда екі өнім алу мәселесін айтып едіңіз. Міне, біз сіздің сол тапсырмаңызды іс жүзінде жүзеге асыруды мақсат етіп, тәуекел жасадық. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай егініміз бітіе шығып, жақсы түсім аламыз деген ойдамыз” - деді.
Топырағы құнарлы, халқы еңбекқор шардаралықтардың нәтижелі жұмыстарына көңілі толған облыс әкімі оң бағасын берді. Бұл тәсілді өзге шаруашылықтарға да үлгі етуді ұсынды.
"”Тұрар” шаруа қожалығының жұмысы өзгелерге де үлгі болуға тиіс. Аудандағы барлық шаруа қожалықтар осындағы озық әдіс-тәсілдерден тәжірибе жинақтап, жылына екі рет өнім алуды үйренулері керек” - деді Өмірзақ Естайұлы.
Сонымен қатар, облыс басшысы қалалық бас су торабында болып, коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің жұмысымен танысты. “Шардара сервис” мекемесінің басшысы Құрманғазы Әкпаров 1983-жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан су торабының бүгінгі жағдайымен таныстырып, ауыз су сапасын түбегейлі жақсарту мақсатында күрделі жөндеу жұмысына жоба жасалып жатқандығын жеткізді. Атқарылар істердің ауқымдылығын түсінген Өмірзақ Естайұлы ауыз су сапасын жақсартуға қажетті қаржы қарастырылатынын айтты.
Өңір басшысының іс-сапары “Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы” аясында Шардара қаласындағы көп қабатты 6 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысумен жалғасты.
Айта кетейік, ауданда мұнан бөлек тағы 4 көп қабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Шардараға жасаған іс-сапарын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев индустриялды аймақта бой көтеріп жатқан “Ай-Қажы” Ақ алтын” ЖШС мақта өңдеу зауытының жұмысымен, “Turan – IT” ЖШС мен “Data centr” серверлік орталығының жобасымен танысты.