ТҮРКІСТАН: Облыс мектептеріне 30 жаңа автобус тапсырылды

0
535

15 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.


ТҮРКІСТАН: Облыс мектептеріне 30 жаңа автобус тапсырылды

Түркістанда «Балалардың игілігі үшін» мерекелік гала-концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» гала-концерті өтті. Алдымен «Когресс Холл» кешенінде Ордабасы, Сарыағаш, Кентау саз мектептерінің оқушылары Құрманғазының күйлерін тартса, арнайы фотокөрме де көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, балаларды, оқушыларды төл мерекесімен құттықтады.


«Құрметті балалар, оқушылар! Сіздерді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының және облыстық мәслихаттың атынан құттықтау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Түркістан – дарынды, білімді, өнерлі балаларымен мақтанатын ерекше өңір. Биылғы оқу жылында өңірімізде 500 мыңнан астам бала білім алды. Облысымызда 1000-шы мектеп ашылды. Ел Президентінің тікелей қолдауымен балаларға, өскелең ұрпаққа жағдай жасау үшін игі бастамалар қолға алынып жатыр. Алдағы 3 жылда облыста 96 мектеп бой көтереді. Биыл облыс мектептеріне 101 автобус бөлініп, 71-і тапсырылған болатын. Ал бүгін қалған 30 автобусты ұсынып отырмыз. Жазғы демалыста 26 мыңнан астам баланы демалыс лагерлеріне жіберу жоспарланған. Түркістан өңірінде «Қауіпсіз мектеп» жобасын жүзеге асырамыз. Балалардың дамуына, білім алуына жан-жақты жағдай жасау жалғасады. Сонымен қатар биыл облыста 31 мыңнан астам түлек мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Ата-ананың, елдің үмітін ақтай беріңіздер», – деді Бейсен Тәжібаев.


Салтанатты жиында халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. 15 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Биыл облыс шәкірттері халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 9 алтын, 17 күміс, 20 қола медаль иеленді. Республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында Түркістан өрендері 10 алтын, 4 күміс, 5 қола медалға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан I орынға ие болды.


Гала-концертте Түркістан облысының аудан, қалаларынан іріктелген үздік, өнерлі және талантты оқушылар мен балалар өз өнерлерін көрсетті. Әннен шашу шашылып, бұраң бел би биленді. Сондай-ақ Ақжол Мейірбеков, Айдар Тұрғамбек сынды елге танымал эстрада жұлдыздары да мерекемен құттықтап, әндерін шырқады. Мерекеге қатысушы оқушыларға облыс әкімі атынан «Qasym kitaphanasy» сериясы арқылы жарық көрген мыңнан аса кітап сыйға тартылды.


Мерекелік жиында облыс мектептеріне 30 жаңа автобус тапсырылды. Осылайша, Түркістан өңіріне 101 балалар автобусы толық жеткізіліп отыр.


Балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысының аудан, қалаларында, өнер мекемелерінде мерекелік концерттер ұйымдастырылып, саябақтарда жалпыхалықтық серуендер өтті.