Түркістан облысы ауылшаруашылық өнімі бойынша 2 орынға шықты

0
3 169

Жансейіт Түймебаев ауылшаруашылығы басқарма басшысының жауабына қанағаттанбады


Түркістан облысы ауылшаруашылық өнімі бойынша 2 орынға шықты

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдеріне ауылшаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы облыстың экономикалық драйвері ауылшаруашылығы саласы екенін алға тартып, оны мықтап қолға алу қажеттілігін міндеттеді. «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы (АӨК) даму бағдарламасының» 2018 жылдың 6 айының қорытындысын жасаған облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков саладағы атқарылған істерге тоқталды.

«Өткен жарты жылдықтағы саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд.тг құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. тг. артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 %-ды құрап, 2 орынға шықты. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап 18,2 % артты. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде» - деді басқарма басшысы.

2018 жылдың І жарты жылдығында жеткен саладағы өзге де жұмыстарды баяндаған С.Тұрбековке аймақ басшысы соңғы әкімшілік аумақтық өзгерістерге байланысты Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қандай бағыттарға басымдық берілетінін сұрады. Облыстағы жасыл белдеу аймағын ұлғайтып, мал шаруашылығы саласы мен тамшылатып суғару жүйесін мықтап қолға алу қажет деген басқарма басшысының жауабына қанағаттанбаған әкім жан-жақтан ғалымдарды шақырып, кешенді тұжырымдама жасамаса, саладағы жұмыстардың ақсайтынына алаңдаушылық білдірді.

"Бірінші кезекте облыстың экономикалық драйвері болып ауыл шаруашылығы саласы табылады. Сондықтан 1 ай мерзімде әрбір аудан кесіндісінде ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен бірге, сала бойынша Үкімет бекітіп берген индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауға алынсын", - деді Ж.Түймебаев.