Түркістан облысы ірі қара мал етін экспорттаудан республикада көш басында

0
2 897

Ал жылыжайлар 131,6 га салынып, жалпы көлемі - 1 246 гектарды құрады.


Түркістан облысы ірі қара мал етін экспорттаудан республикада көш басында

Агроөнеркәсіптік кешен - халықты аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, сондай-ақ елеулі экспорттық әлеуеті бар Түркістан облысының негізгі саласы, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы бірқатар ауыл шаруашылығы көрсеткіштері бойынша республикада жетекші орынға ие. Жыл қорытындысымен жалпы саладағы өнім көлемі 729,7 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде республикадағы үлесі 12%-ға жетіп, облыс елімізде 3-орынды иемденді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов брифингте мәлімдеді.

«Облыста ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 58,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ауқымды бөлігі Кентау қаласы (21 %), Ордабасы ауданы (10,2 %), Сайрам (9,9%) және Бәйдібек аудандарына (9,9 %) тиесілі. Республика бойынша ірі қара мал санының — 14,4%-ы, ұсақ малдың — 23%-ы, жылқының — 12,1%-ы, түйенің — 15,1%-ы және өндірілген еттің — 12%-ы, сүттің — 12,5%-ы өңірдің үлесінде. Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1 орында», - деді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтыр 847,9 мың гектар аумаққа орналастырылған. Ал жылыжайлар 131,6 га салынып, жалпы көлемі - 1 246 гектарды құрады.

Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш (739 га), Келес (89 га), Ордабасы (87,4 га), Қазығұрт (63,4 га) аудандарының үлесінде. Республикада жылыжайлардың 67%-ы облыстың еншісінде. Тамшылатып суғару технологиясы - 21,9 мың га, жаңбырлатып суғару технологиясы - 2,2 мың га құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 262,5 мың тонна өнім өндірілді.