Түркістан облысында 2 млрд. көшет егу тапсырмасы орындалып жатыр

0
284

2025 жылға дейін 110 мың гектарға 170 млн көшет егу жоспарланған.


Түркістан облысында 2 млрд. көшет егу тапсырмасы орындалып жатыр

Түркістан облысын көгалдандыру, абаттандыру саласындағы жоспарлар жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында Президент Жолдауындағы 2021-2025 жылдарға арналған орман қоры аумақтарына 2 млрд көшет егу тапсырмасы орындалып келеді. Мұны іске асыру мақсатында облыста 2025 жылға дейін 110 мың гектарға 170 млн көшет егу жоспарланған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында өңірде көшет егу бойынша арнайы жоспар бекітілді.


«Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы облысымызда көшет сапасын жақсартуды тапсырды. Елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру бағытындағы жұмысты жүйелеу керек. Бізге берілген көшеттердің сапасын жақсартқан жөн. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етуі қажет. Түркістан облысы бойынша елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының электронды дендрологиялық картасын жасауды жүзеге асыру – міндет. Аудан әкімдіктері отырғызылған ағаш көшеттерін суару және желден қорғау мақсатында қоршау, тірек орнату жұмыстарын жандандырсын», – деген облыс әкімінің орынбасары көшеттер су жүйелері жүргізілген және қоршалған учаскелерде егілуі тиіс екенін айтты.


Көшеттерді егу жұмыстарын уақтылы атқару, көшеттердің өсіп-өнуіне барынша күтіп-баптауды тапсырды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын-ескертпе айтты.


Басқосуда Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда орман қоры алқаптарына кешенді жоспарға сәйкес 2021-2023 жылдары 51,5 мың гектар жерге, 78,2 млн дана көшет егілді. Оның ішінде 2023 жылғы 20300 гектар жерге 32 214 мың дана ағаш көшеттерін егу жоспары толығымен атқарылды.


«Жасыл белдеу» құру жобасына тоқталды. Бүгінде «Жасыл аймақ» КММ-мен Түркістан қаласы айналасынан 28 358 гектар орман қоры жері санатына өткізіліп, оның 19020,0 гектар аумағына мәдени орман екпелері отырғызылды. Қазіргі таңда жоспарлы межені 42,0 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр.


Облысымыздың елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша да жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарлануда. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі бар. Ал 2024 жылдың күз айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.


Жиында өсімдіктер дүниесі туралы мәселелер де тысқары қалмады. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады.


Жиын соңында қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де айтылды. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалды. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр.


Аталған жиынға Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ТҮКШ бөлім басшылары мен жауапты мамандары, басқармаға бағынысты орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары мен жауапты мамандары қатысты.