Түркістан облысында 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады

0
524

38 нысанның құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді.


Түркістан облысында 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады

Түркістан облысында ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2021 жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 58 нысанның құрылысына бюджеттен қаражат бөлінген. Осы арқылы 25 нысан 2021 жылы пайдалануға берілсе, қалған 33 нысанның құрылысы 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде 20 елді мекен (Арыс–1, Сарыағаш –2, Келес–9, Қазығұрт–2, Ордабасы–6) ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 8 елді мекеннің (Келес–1, Төлеби–1, Жетісай–5, Мақтарал–1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылған. 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 841 елді мекеннің 717-сі ауыз сумен қамтамасыз етілді.


Ал, 2022 жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 38 нысанның құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді. 28 нысан биыл пайдалануға берілсе, қалған 10 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен 24 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 14 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 741-ге жетеді.


Атап өтсек, облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету ісі «Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарына» енгізілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 124 елді мекенді (103,3 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 201 елді мекеннің (544,2 мың тұрғын) тозығы жеткен су құбырларын қайта құру жұмысы атқарылады.


Осыған орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді ауыз сумен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді, өз ісіне жауапты мердігерлермен ғана келісімшарт жасап, әрбір жобаны қатаң бақылап, соңына дейін жеткізу жөнінде тапсырма берді.