Түркістан облысында 500 мың гектардан астам суармалы жер бар

0
698

Суармалы алқаптарда 1 200 дана бақылау құдықтары бар.


Түркістан облысында 500 мың гектардан астам суармалы жер бар

Түркістан облысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Республикада әрқашан жетекші орынға ие болып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 540 мың гектардан астам суармалы жер бар. Бұл Республикамыздағы жалпы суармалы жерлердің үштен бір бөлігі. Облыс суармалы егіншілік бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Республикада әрқашан жетекші орынға ие болып келеді. Бұл туралы брифингте «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ басшысы Мейіржан Есенбеков мәлімдеді.


«Облыстағы суармалы жерлердің жер асты суының денгейі мен оның тұздылығын бақылау үшін барлық суармалы алқаптарда мекеменің жалпы 1 200 дана бақылау құдықтары бар. Өлшеу қорытындыларына сәйкес, 2021 жылы жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғары (0-2 м) болған суармалы жерлердің көлемі - 146 мың гектарды құрады. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың гектарға азайған. Ал, жер асты суының тұздылығы 3 г/л жоғары болған суармалы жерлердің көлемі - 81 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 мың гектарға азайған. Жер асты суының тұздылығы 3 г/л жоғары болған жерлердің басым бөлігі Мақтаарал, Жетісай және Отырар аудандарында кездеседі», - деді Мейіржан Есенбеков.


Түркістан облысының қашыртқы жүйелерінде орналасқан гидробекеттерде қашыртқы суларының көлемдерін анықтау үшін 964 рет өлшем жүрген. Өлшеу мәліметтеріне сәйкес, жалпы 2021 жылы облыстың суармалы алқаптары бойынша қашыртқы суларының жиынтық көлемі 625 млн м3 құрады.


2021 жылы Түркістан облысында суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайының құрылымы анықталды. Нәтижесінде мелиоративтік жағдайы жақсы жерлер – 185,5 мың гектар, мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлық жерлер – 166,6 мың гектар, мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жерлер – 222,3 мың гектарды құраған. Оның ішінде жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғары жерлер – 88,4 мың гектар, топырақтың тұздануы – 44,1 мың гектар, жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғарылығы және топырақтың тұздануы – 57,2 мың гектар, жер бетінің шектеулі деңгейден жоғары еңістігі – 32,6 мың гектар.