Түркістан облысында 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды

0
731

Тұрғын үй саласындағы жұмыстар сараланып, кемшіліктер талқыланды.


Түркістан облысында 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды

Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғын үй саласындағы жұмыстар сараланып, кемшіліктер талқыланды.


«Үйлерді маусым айына дейін тапсыру керектігін айтқан болатынмын. Себебі, күзге қарай тапсырылған үйлерді қабылдау, тұрғындарға сату процестері біраз уақытты алады. Екіншіден, қыс мезгіліне қалып қойған үйлердің сапасына сын көп. Құрылысы бітпей тұрған үйлерге қаржысын тауып, мәселесін шешіп бердік. Үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша да жоба қабылдадық. Алайда ол жұмыс та жүйелі емес. Уақтылы тапсыру жағында мін бар. Кейбір коммерциялық бағыттағы үйлердің шаршы метрінің бағасы өте қымбат. Бірақ сол бағасына сай емес, көлік тұрағы, абаттандыру жұмысы жоқ. Сондықтан компаниялармен үй бағасын төмендету немесе сапасын жақсарта түсу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Тұрғын үй құрылысына, арендалық үйлерге қатысты жұмысын дұрыс атқармаған әкімдер мен жауапты орынбасарларынан түсініктеме алынсын. Қаржыны алып, жұмысты кешіктірген және сапасыз атқарған мердігерлердің жауапкершілігін де заң аясында қарап шығыңыздар», – деді облыс әкімі.


Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.


Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың да есебі тыңдалды. 2023 жылы жалпы 47,7 млрд. теңгеге 4 403 пәтерлі 66 тұрғын үйдің (4 – қала әкімдігі) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,9 млрд. теңгені құрайтын 1062 пәтерлі 7 тұрғын үй 2024 жылға өтпелі. Қалған 35,7 млрд. теңгені құрайтын 3341 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады деп көзделген. Шаһарда осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.


Биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр. Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.