Түркістан облысында 600 мыңнан астам көшет егіледі

0
768

23 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылды.


Түркістан облысында 600 мыңнан астам көшет егіледі

Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған.


Осыған байланысты 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілді. Осы ретте өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылды. Биыл Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет егіледі. Бұл туралы бүгінгі брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.


Оның айтуынша, бүгінде жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктері көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер күз-көктем айларында межелі жерге жеткізіліп жатыр. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.


"Өткен жылдың күз айларында аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 250 мың данадан астам көшет тегін үлестіріліп, егілді. Биыл 626 907 түп көшет егіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, басқармаға бағынысты барлық мекемелердің қосымша сұраныстарына байланысты көктемде 343 755, ал күзде 667 060 түп көшет тегін үлестіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Түркістан облысында 3,5 млн 144 мың га орман қоры бар.Орманмен көмкерілген алқабы – 1 млн 517,15 мың га. 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласы айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы жалпы 13 629 га жетті. Соның ішінде «ҚазАтомпром» АҚ қарасты кәсіпорындармен 5 929 га аумаққа жапырақты және сексеуілдің көшеттері мен тұқымы себілді. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу аумағын» 30 мың гектарға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр", – деді Қайрат Амангелдіұлы.


Бұдан бөлек, сұғанақтықпен күрес (аң, құстарды заңсыз аулау) мақсатында басқарма тарапынан 1 122 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Анықталған 364 заң бұзушылық фактілерінен 4 млн 995 мың 854 теңге әкімшілік айыппұл салынып, 4 млн 337 мың 654 теңгесі өндірілді.


Сондай-ақ, өңірдегі 158 полигонда 92 738 тоннаға жуық қалдық жинақталған. Оның 17 621 тоннасы қайта өңдеуге бағытталып, қайта өңдеу көлемі 19%-ды құрап, жоспар толығымен орындалды. Биыл қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 23 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.


Ал, Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы «Ғарыштық Сапары» АҚ-ның космос түсірілімдеріне сәйкес 2022 жылы 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталғанын айтты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдармен 404 орын тазаланып, 2 орын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, ал қалған 2-і жеке аймақтарда орналасқаны белгілі болды.


Сондай-ақ, Экология департаментінің тарапынан экологиялық талаптардың сақталуы бойынша 67 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, экологиялық талаптарды бұзудың 168 фактісі анықталды.


Заң бұзушылықтарға жол берген 253 жауапты тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдын жалпы сомасы 1 млрд 669 млн теңгеден асты. Жыл қортындысымен мемлекеттік бюджетке 1 млрд 666 млн тенге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды өрескел бұзып жұмыстарын атқарған 8 субъектінің жұмыстары тоқтатылды.