Түркістан облысында институт ішінен технопарк ашылады

0
1 054

Мұнда өңірдегі кәсіпорындар мен үлкен мекемелер стартап жобаларды қаржыландырып, жаңадан кәсіп бастаушы жастарға қолдау көрсетеді.


Түркістан облысында институт ішінен технопарк ашылады

Түркістан облысы Кентау қаласындағы жоғары оқу орнында «Технопарк» ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау институтында Технопарк жасақталып жатыр. Мұнда өңірдегі кәсіпорындар мен үлкен мекемелер стартап жобаларды қаржыландырып, Жаңадан кәсіп бастаушы жастарға қолдау көрсетеді және арнайы белгіленген орындарда түрлі сала мамандары, конференциялар мен семинарлар өткізіп, тың жобаларды жүзеге асыру барысын талқылайды.

Сондай-ақ, аталған оқу орнының ректоры Болатбек Абдрасиловтың бастамасымен қолға алынып отырған жоба жақын күндері жұмысын бастап, институтта ІТ технология зертханасы іске қосылатын болады. Сонымен қатар, ол жерде жастар қажетті құралдармен жарақтандырылған робото-техника кабинетте робот құрастырып, арнайы бағдарламалар арқылы оларға түрлі қызмет көрсету жұмыстарын үйренеді.

Айта кетейік, бұл ЖОО-да Кентау Трансформатор зауытымен бірлесіп инженер мамандарын дайындауға арналған орталық та жасақталып жатыр. Онда инженерия факультетінде білім алушы жастар теория жүзінде алған білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдай алады.