Түркістан облысында құрылыс көлемі артқан

0
588

Жыл басынан бері құрылыс саласында лицензия алуға, қайта тіркеуге және аттестат алуға 750 өтініш қабылданған.


Түркістан облысында құрылыс көлемі артқан

Түркістан облысында құрылыс нысандарының саны 24%-ға артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаилов мәлімдеді.


Спикердің айтуынша, Түркістан облысында құрылыс нысандарының саны өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Жыл басынан бері құрылыс саласында лицензия алуға, қайта тіркеуге және аттестат алуға 750 өтініш қабылданған. Оның 451-і қанағаттандырылса, 299-на дәлелді себептермен бас тартылған. Сонымен қатар, өңірде бюджет және жеке қаражат есебінен жүргізілген 270 құрылыс нысандарында заң бұзушылықтар анықталып, 424 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Салынған 91,7 млн теңге айыппұлдың 75,2 млн теңгесі өндіріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда айыппұл салу мөлшері 60%-ға артқан.


«Өңірдегі құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау - басқарманың жіті қадағалауында. Осы ретте биыл облыс бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы 973 хабарлама тіркеліп, бақылауға алынды. Оның ішінде 304 нысан - бюджет есебінен, 669 нысан - жеке кәсіпкерлік есебінен салынып жатыр. Сонымен қатар, 277 субъектіге қатысты тиісті шаралар көрілді. Оның ішінде 170 тапсырыс беруші, 86 мердігер, 13 техникалық қадағалаушы, 4 авторлық қадағалаушы, 2 жобалаушы, 1 лауазымды тұлға мен 1 сарапшы аттестатын 6 айға тоқтату бойынша сотқа жолданды. Сондай-ақ, құрылыс рәсімдерінің ашықтығын арттыру және заңдылығына мониторинг жасау мақсатында «eQurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесі қолға алынды»,- деді басқарма басшысы.


Басқарма еңбек қатынастары саласындағы бақылау функциясын да жүзеге асырады. Жыл басынан бері өңірде еңбек жанжалы орын алмаған. 2021 жылы - 11, 2022 жылы - 3 еңбек жанжалы орын алып, олардың барлығы өз шешімін тапқан.