Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары басталады

0
403

Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын-ескертпе айтты.


Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары басталады

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру, жасыл алқапты молайту бағытындағы жұмыстар сараланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық мәжілісте елді мекендерді көгалдандыру, жасыл алқапты молайту бағытындағы жұмыстар сараланды. Облыс әкімі ағаштарды отырғызып, күтіп-баптау және күзгі маусымдық ағаш көшеттерін отырғызуға дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын-ескертпе айтты.


«Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Жұмысты жүйелеу керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын аудан, қала әкімдері қадағалап, осы іспен айналысуы керек. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді, оның ішінде қанша өнгені туралы мәлімет әзірленсін. Сан емес, сапаға мән берілсін. Аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды жандандырып, жол бойындағы үйлердің және қоршауларын ретке келтіру қажет. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасына сын айтылып жатыр. Жауапты басқарма осыны қадағалап, тікелей жұмыс істеуі тиіс. Тұқымбақтарды реттеп, жаңаша бағытта дамытқан жөн. Әр аймақтың табиғи ерекшелігіне сай әрі жерсінетін көшеттер беріліп, жұмыстар жалғассын», – деген өңір басшысы Дархан Сатыбалды, ағаштарды суару жүйесін жетілдіріп, кейбір аймақтарда желден қорғау шараларын да атқару керектігін айтты.


Мәжілісте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес облыста 110 мың гектар орман қоры жерлеріне 170 млн. көшет егу жоспарланған. Өткен жылы 16 200 гектарға 23 818 мың көшет егілген. Ал биыл 20 300 гектар жерге 32 214 мың түп көшет егу жоспарланып, жұмыстар жүруде.


Облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Жалпы өңірде 852 елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр.


2023 жылдың күз айлары мен 2024-2025 жылдарға берілетін көшеттер көлемі әр аудан, қалалардағы елді мекендер саны мен статистикалық мәліметтерге негізделіп бөлінді. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу мерзіміне бүгінгі күнге тек Түркістан мен Арыс қаласы, Түлкібас, Отырар, Бәйдібек және Шардара, Созақ, Сайрам аудандары ғана іс-шара жоспарын бекітіп, басқармаға ұсынды. Қалған аудан, қала әкімдіктері сұратылған тиісті іс-шара жоспарын әлі күнге дейін ұсынбаған. Аудан, қала әкімдері бөлінген көшеттердің санының көптігін, егетін жерлерінің дайын еместігін алға тартуда.


Сондай-ақ Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам Бәйдібек, Төлеби аудандарында жібек өндіру саласын дамыту мақсатында тұт ағашын өсіруге жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытқан. Осыған орай, елді мекендерді көгалдандыруға қаралған көшеттер есебінен, орман шаруашылығы тұқымбақтарынан аталған аудандарға 2023 жылдың күз айлары мен 2024 жылдың көктем айларына 100-150 гектарға жететін 60 000 түп тұт ағашын, ал 2024 жылдың күз айлары мен 2025 жылға 100 000 түп босату жоспарланып отыр.