Түркістан облысында «Малшы» робот жұмыс істейді

0
2 405

Сүтті сиырлар тәулігіне 10 мың тонна сүт береді


Түркістан облысында «Малшы» робот жұмыс істейді

ERNUR.KZ. Түкістандық сүт фермасында жаңа технология қолданылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы тауарлы сүт фермасы роботтық технологияны өндіріске енгізген. Бастапқыда сауыншыны құлтемір алмастырған, енді сиырлардың жем-шөбін де робот реттейді екен. Ферма алғашында швециялық құрылғымен сүт өндіріп келсе, бүгінде Нидерланд елінен әкелінген робот-сауыншылармен жабдықталып жатыр. Сонымен қатар, өз өнімдерін өңдеуге арналған сүт зауыты да бар бар.

Атап айтсақ, фермадағы Мажарстаннан әкелінген Голштин тұқымды сүтті сиырлар тәулігіне 10 мың тонна сүт береді. Қазір қорадағы мал басы өскен, 900-ден астам ірі қараның 400 басы сауылады. Бір құлтемір-сауыншы тәулігіне 60 сиырды үш реттен сауады. Зеңгі баба тұқымы көбейгеннен соң, фермада сиыр тұратын кешеннің де саны артқан. Ал, жаңа қораларға Голландиядан әкелінген роботтар қойылыпты. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Бұл, бір жағынан, сиырлардан сүтті көбірек алуға жағдай жасайды.

Абылай Әбішев, серіктестік директорының орынбасары: «Бұл роботтардың айырмашылығы, қазіргімен салыстырғанда біршама арзан. Алдыңғы роботтар бір сиырды 7-8 минут сауса, бұл 5 минутта сауады. Бір роботқа 60 емес, 70 сиырдан келіп отыр. Енді 4-қораға осы екі роботты қойдық. Қазір іске қосып жатырмыз. Алдағы уақытта көңілден шықса, жылдан-жылға сиыр басы көбейгендіктен 5-6-қора саламыз деп жоспарлап отырмыз», - деді.

Сондай-ақ, бұрындары қорада бұл жұмысты әр сағат сайын бір маман атқаратын болған. Ал қазір жұмысшының еңбегін робот алмастырған. «Малшы» деп аталатын бұл құрылғы, яғни сиырдың жем-шөбін жинайды, тазалайды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтануын қадағалайды. Робот 20 минут жұмыс жасап, 40 минут қуат көзінен нәр алады. Салмағы 600 келіге жететін құрылғы әзір елімізде осы фермада ғана бар. Кәсіпорын қазір өз өнімдерін өздері өңдеуге көшкен. Мұнда айран, қаймақ, құрт, тіпті ірімшікке дейін дайындалады. Зауыт тәулігіне 50 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Ең бастысы, дайын өнімдер таза әрі ешбір қоспасыз.

«Жоспарымыз – зауыт көлемін ұлғайту. Біздің бөлімнен микробиологиялық бөлім ашу. Ол біздің жұмысымызды жеңілдете түседі және өзіміздің ұйытқыларды өндірсек деп жатырмыз. Ол тауарымыздың сапасын ұлғайтып, өзіндік бағасын біршама түсірер еді», - дейді сүт зауытының сапаны қадағалау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жолжанов.

Айта кетейік, серіктестік алдағы уақытта бұқтырылған сиыр етін дайындайтын зауыт салуды жоспарлап отыр. «Ал түпкі мақсат – сан емес, сапаға мән беру», – дейді кәсіпорын жетекшілері.