Түркістан облысында «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы өтті

0
1 283

Түркістан облысында мамыр айының 20-22 күндері аралығында «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара аясында заңды белшесінен басып жүрген мигранттар анықталды.


Түркістан облысында «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы өтті

Түркістан облысы полицейлері заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді тиісті құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында «Мигрант» профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР ІІМ-нің заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мен заңды белшесінен басып жүрген мигранттарды анықтау мақсатына бағыттаған тапсырмасына орай және Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Далбековтың бұйрығына сәйкес, мамыр айының 20-22 күндері аралығында «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Негізгі мақсат - облыс аумағындағы шетелдіктерден тиісті құқық тәртібін қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау, ҚР-на келу, болу, ҚР-нан кету ережелерін сақтау болып табылады.

Аталған іс-шара барысында Отырар АПБ-нің жеке құрам қызметкерлері бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтсақ, Өзбекстан Республикасының 1 азаматына ҚР-да жүріп-тұрудың ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР-ның халықтық көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту шарасы көрілді.

Сондай-ақ аудан көлемінде уақытша тіркелген 416 шетелдік азаматтың тұрғылықты мекен-жайы тексерілді. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 3 азаматының жеке куәлігінің мерзімі өткені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы бойынша айыппұлдар салынды. «Мигрант» профилактикалық шарасы кезінде күдік тудырған 19 азамат Отырар АПБ-не жеткізіліп, саусақ іздері алынды.

Ал, Кентау қаласында өткен «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы аясында 37 шетел азаматына ҚР ӘҚБтК 517-бабы бойынша хаттама толтырылып, ескерту берілді. Оның ішінде 2 шетел азаматы Кентау қаласының сотымен ҚР-нан аластатылды, келесі 1 шетелдікке Кентау қаласының сотымен айыппұл салынып, өндірілді. Жеке басын анықтау және қол іздерін алу үшін Кентау ҚПБ-на 63 шетелдік азаматтар жеткізілді. ҚР ӘҚБтК-нің 518 бабы бойынша 7 азаматқа хаттама толтырылып, ескерту берілді. ҚР ӘҚБтК-нің 519 бабына сәйкес 1 ҚР азаматына хаттама толтырылып, айыппұл алынды. Жалпы, Кентау қаласында ТМД елдерінен келіп, уақытша тіркелген 123 шетел азаматы, Ресей Федерациясынан 10 азамат, Өзбекстан Республикасынан 113 азамат тіркелген екен, оның ішінде 6 азамат оқуға келген студент болса, 74 азамат жұмыс күшіне тартылған, ал 43 азамат жеке іссапармен келгендер.