Түркістан облысында спорт күні аталып өтті

0
807

Кіші футбол, волейбол, үстел теннисі және арқан тартудан сайысқа түсті.


Түркістан облысында спорт күні аталып өтті

Түркістан облысында спорт күні мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Спорт күніне орай, Түркістан облысының сала қызметкерлері арасындағы кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, арқан тартудан спартакиада өтті. Апта бойына жалғасқан спорттық дода тартысқа толы болды. Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» сауықтыру спорт базасында шешуші бәсекелер өтіп, жеңімпаздар анықталды. Спорт мерекесіне арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов сала мамандарын құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.


Бұл ретте облыс әкімінің аппарат басшысы алда өтетін Азия ойындары мен Париж олимпиадасында жерлестерімізге сәттілік тіледі. Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен сала қызметкерлеріне табыс тілеп, Қазақстан спортының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарды жарқын жетістіктерімен құттықтады. Сөз барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрдайым спортшыларымызға қолдау көрсете беретінін де тілге тиек етті.


Аса тартысты өткен кіші футбол бәсекесінде Түлкібас ауданының командасы 1-орын алса, күміс жүлде Жетісай ауданының құрамасына бұйырды. Ал қола жүлдені Қазығұрт ауданынан келген команда қанағат етті. Волейбол сайысында мықтылықтарын көрсеткен түлкібастықтар жеңімпаз атанса, Мақтаарал ауданының құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Түркістан қаласының командасы қола жүлдеге қанағат етті. Сондай-ақ арқан тарту спортынан топ жарған Шардара ауданының командасы алтын медаль иеленсе, күміс жүлдеге облыстық спорт басқармасының қызметкерлері иелік етті. Қола жүлдені Төлеби ауданының командасы жеңіп алды. Үстел теннисі жарысында қыздар арасында бас жүлдені жетісайлық Аружан Нұржанқызы иеленсе, Отырар ауданынан келген талантты спортшы қыз Айда Жаңабай күміспен күптелді. Ал сайрамдық Азия Әлібек қола жүлдегер атанды. Ұлдар арасында сынға түскен Сайрам ауданының өкілі Ариф Эгамбердиев топ жарса, сарыағаштық Арман Абдалиев күміс жүлдеге ие болды. Қола жүлде Отырар ауданының намысын қорғаған Тойшыбек Темірәліге бұйырды.


Достастық пен бірлікті насихаттаған сайыста жалпыкомандалық есепте бас жүлдені Түлкібас ауданының спорт қызметкерлері еншілесе, 2-орынды Жетісай ауданының құрамасы жеңіп алды. Отырар ауданының саңлақтары 3-орынға қанағат етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы тағайындалған медальдар мен кубоктар табыс етілді. Сонымен қатар әр спорт түріндегі үздіктер де марапаттан шет қалмады.


Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев дәстүрлі жарыстың биыл ерекше болып ұйымдастырылғанын атап өтті.