Түркістан облысында тұқымбақтар аумағы ұлғайып жатыр

0
552

Мамандар Ресей, Өзбекстан және еліміздің басқа да облыстарына барып, тәжірибе алмасқан болатын.


Түркістан облысында тұқымбақтар аумағы ұлғайып жатыр

Түркістан облысында өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, арнайы замануи тұқымбақ ашу бойынша тапсырма берілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, облыста арнайы замануи тұқымбақ ашу бойынша тапсырма берілген. Бүгінде өңір басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, басқарманың орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары Ресей, Өзбекстан және еліміздің басқа да облыстарына барып, тәжірибе алмасқан болатын. Осы бағытта облыс аумағында заманауи тұқымбақтар ашу және орман шаруашылығы тұқымбақтарында өндірілетін көшеттердің сапасын жақсарту мақсатында «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне» қарасты Сырдария филиалының Арыс, Шардара орман шаруашылығының тұқымбақтарындағы атқарылып жатқан жұмыстарымен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев танысты.


Сырдария филиалының Арыс, Шардара орман шаруашылығындағы тұқымбақтың аумағы 10 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда 600 мыңға жуық әртүрлі ағаш түрлері өсірілуде. Атап өтсек, қарағаш, үйеңкі, шаған, жиде, өрік, айлант ағаштары бар.


Басқарма басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, бірқатар тапсырмалар берді. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында елді мекендерде заманауи тұқымбақ ашу, орман қорын ұлғайту қажеттігін айтты. Тұқымбақтағы көшеттер тұрақты түрде суғарылып, күтіп жасау керектігін жеткізді.


«Өңір басшысының тапсырмасы аясында заманауи тұқымбақ құру және тұқымбақтағы көшет санын арттыру, түрлендіру мақсатында Өзбекстан Республикасының орман шаруашылығы мекемелерімен гүлді, сәндік ағаш-бұта көшеттерінің тұқымдарын алу туралы екі жақты меморандум түзілді. Сонымен қатар шетелдердің көшеттерді жылдам өсіруге байланысты тәжірибесін қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Ресей мемлекетінен 40 мың гүлді магнолия ағашының көшеттері алып келініп, тұқымбақтың жылыжай базасына отырғызылды. Бұл көшеттерді стандартты өлшемге дейін қысқа мерзімде өсіріп шығуға көмектеседі және олар биылғы жылдың күз айларында ашық алаңға, тікпе көшеттер бөліміне көшіріледі», – деді басқарма басшысы Қ. Абдуалиев.


«Президенттің бес жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Арыс, Шардара тұқымбақтарында өсірілген көшеттер Түркістан облысының аудан, қалаларына тегін үлестірілуде. Биыл көктем айларында 92 мыңнан аса көшет Түркістан қаласының айналасы мен Кентау қаласы және Сауран аудандарына босатылып берілді. Алдағы уақытта босатылатын көшеттердің санын жыл сайын арттыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, келесі жылғы меже 100 мыңға жеткізу. Қазіргі таңда мекемеге қарасты Арыс орман шаруашылығының тұқымбағында 2,5 гектар жер айдалып, дайындалуда. Күздік науқанда 800 кг тұқым себу жұмыстары басталатын болады», – деді Сырдария филиалының директоры Қазыбек Оразымбетов.


Облыста жалпы аумағы 253 га жерді құрайтын 14 типтік заманауи тұқымбақ және орман қорын ұлғайту бойынша аумағы 350 га құрайтын 10 уақытша тұқымбақ бар. Бүгінде осы тұқымбақтардың 70-80% жаңа ағаш-бұта (гүлді, сәндік ағаштар мен роза тұқымдас көшеттері) көшеттерінің түрлерін өсіруді бастады. Ол үшін ландшафтды дизайн мен тұқымбақ шаруашылығын меңгерген арнайы мамандар маусымдық жұмысқа қабылданды. Барлық қажетті көшет тұқымын теру, отырғызу, өсіру жұмыстары қосымша бюджет қаражатынсыз, мекемелердің үнемделген қаржы есебінен және кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылуда.


Қазіргі таңда, орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде, алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.