Түркістан облысында «Үміт керуені» атты өнер фестивалі өтті

0
613

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған.


Түркістан облысында «Үміт керуені» атты өнер фестивалі өтті

Түркістан облысында жұмыспен қамту бөлімінің ұйытқы болуымен «Үміт керуені» атты өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Түлкібас аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақ поэзиясының біртуар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мақсатында жұмыспен қамту бөлімінің ұйытқы болуымен «Үміт керуені» атты өнер фестивалі өтті.


Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, Түркістан облысының мәслихат депутаттары және әлжуаз топтағы азаматтар мен аудан тұрғындары қатысты.


Фестиваль «Өмір-өлең», «Ән-ғұмыр» және «Қолөнер» атты үш бөліктен тұрды. Тағдырдың сынағына тап болса да, жігері мұқалмаған жандар жұртшылықты өнерлерімен таңғалдырды. Фестиваль нәтижесінде «Үздік өлең оқу шебері» аталымында Бағжан Бекматов, «Үздік ән салу шебері» аталымында Әсел Амангелді, «Үздік қол өнер шебері» аталымы бойынша Балзира Керімқұлова аудан әкімінің дипломымен марапатталды.


«Өрлік» номинациясымен Б.Айтбаев, Ж.Кенжетаев, М.Топанбай, Б.Керімқұлова марапатталып, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлыққа ие болды.


Сонымен қатар аудан әкімі іс-шараға демеуші болған Түлкібастың тумасы, кәсіпкер Қ.Жабатаевқа, арнайы келген қонақтарға және фестивальге қатысушы жандарға алғыс хат тапсырды.


Жиын соңында түлкібастық Мейірхан Топанбайдың әзірбайжан тілінен аударылған «Ақиқаттан аттамайық бауырлар» атты кітабы аудан жұршылығына таныстырылып, жиынға келген қонақтарға тарту етілді.