Түркістан облысында заңсыз рәсімделген жер телімдері анықталды

0
1 531

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.


Түркістан облысында заңсыз рәсімделген жер телімдері анықталды

иллюстрациялық фото: kolizey78.ru

ERNUR.KZ. Прокурорлар жер телімдерінің бөліну заңдылығын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылғы 25 шілдеде Түркістан қаласында облыс әкімінің қатысуымен жергілікті атқарушы органдардың 2015-2017 жылдары жер телімдерін беру, пайдалану және сегментациялау барысында жер заңнамаларының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижелері бойыншаоблыс прокуратурасының алқа отырысы өтті.

Алқаның жұмысына облыстың жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Аталған мәжілісте әкімдіктердің жер қатынастары саласындағы жұмысының тиісті деңгейде атқарылмайтындығын, жер учаскелерін ұсыну кезінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгендігін прокуратура атап өтті.

Осылайша, рәсімделген жалған құжаттардың негізінде, Сайрам ауданында жер заңнамасы талаптарын сақтамай 50 га жер учаскесін 400 жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелерге бөлшектеуге жол берілген.

Түркістан қаласында жерлерді аукциондар мен конкурстар арқылы ұсыну жөніндегі комиссияның жалған хаттамалары негізінде алаңы 100 га құрайтын 130-дан астам учаскелер заңсыз рәсімделген. Нәтижесінде мемлекетке 700 млн. теңгеден аса залал келтірілді. Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген деректер бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қолға алынып жатыр. Ағымдағы жылдың алты айында прокурорлармен қабылданған шаралар нәтижесінде 73 тұлға түрлі жауапкершілікке (тәртіптік, әкімшілік) тартылып, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд. теңге 19 мыңнан астам гектар жер учаскелері қайтарылған.

Айта кетейік, алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.