Түркістан облысында жаңа студенттік жатақхана ашылды

0
1 187

100 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді.


Түркістан облысында жаңа студенттік жатақхана ашылды

«Арыстанбаб» жоғары колледжінде жаңа нысан қолданысқа берілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Арыстанбаб» жоғары колледжінде студенттерге арналған 100 орындық жаңа жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Бір жылда бой көтерген жаңа нысан барлық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, талапқа сай салынған. Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан басшысы жаңа ғимараттың лентасын қиып берді.

Атап өтсек, 100 орынды екі қабатты жатақхананың әрбір бөлмесі төрт адамға арналған жиһазбен жабдықталған, оның ішінде керуеттер, орындықтар, үстел мен киім-кешекке арналған шкаф бар. Сондай-ақ, арнайы жуынатын бөлмелер салынған. Ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұхит Отаршиев өз сөзінде «Жаңа ғимарат студенттердің оқуына жəне өз уақыттарын жайлы жағдайда өткізуге мүмкіндік береді. Осындай жағдай жасалған оқу ордасының студенттері білімді және белді маман болатынына сенемін» – деді.

Қазіргі уақытта аталған колледждегі білім алушылар 12-гуманитарлық және медициналық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Болашақта маман болатын 1141 студентке 70 оқытушы дәріс беруде.