​Түркістан облысында жерасты жолының құрылысы қайта жанданды

0
2 055

Түркістан облысының Шақпақ елді мекені арқылы өтетін халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистраліне қарасты жерасты жолының құрылысы қайта жанданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​Түркістан облысында жерасты жолының құрылысы қайта жанданды

Түркістан облысының Шақпақ елді мекені арқылы өтетін халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистраліне қарасты жерасты жолының құрылысы қайта жанданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Құрылысты әзербайжандық компания қолға алған. Жерасты жолы келер жылы мамыр айында пайдалануға берілмек. Бұл сол аймақтағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұдан 4 жыл бұрын иирандық компания тоннель құрылысын бастап, кейін аяқсыз қалдырған болатын. Қазір жерасты жолының құрылысы қызу. Онда 100-ге жуық адам мен 20 арнайы техника жұмыс істеуде. Олар жер астын қазып, қабырғаларын бетондап жатыр.

«Халықаралық талаптарға сай, сапалы материалдар пайдаланылғандықтан, тоннельдің қауіпсіздігіне бір ғасырға дейін кепілдік беріледі», – дейді мамандар.

Зеки Сатиджиоғлы, құрылыс маманы:

– Тоннель қауіпсіз болады. Басшылық құрылыстың сапасын қатаң бақылап, қадағалап отыр. Біз мұнда жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі мен бейнебақылау құрылғысын орнатамыз. Жолдың екі тарапынан ТЖД тікұшақтары қонатын алаңқайлар саламыз.

«Оңтүстік жол зертханасы» өкілдерінің айтуынша, Қазақстандағы алғашқы жерасты жолының құрылысы бұдан екі жыл бұрын аяқтауы тиіс еді. Алайда ирандық мердігер компания қаржы тапшылығына байланысты құрылыс талаптарын орындай алмаған. Сондықтан ғасыр құрылысына баланған жерасты жолы бір жылдай уақыт тоқтап тұрды.

Данияр Қамалов, «Оңтүстік жол зертханасы» РМК сарапшысы:

– 2017 жылдың тамыз айында екінші мәрте байқау жарияланды. Жоба құны 8,5 млрд теңгеге бағаланып, ол әзербайжандық компанияға сеніп тапсырылды. Қазір жұмыстың 50 пайызы аяқталып қалды. Енді жолдың оң жақ бөлігінде 280, ал сол жақ бөлігінде 30 метр жер қалды.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай ұзын жерасты жолы Қазақстанда әлі болған емес. Оның ұзындығы 1,5 шақырым болады. Ол Түркістан мен Жамбыл облыстарының шекарасында орналасқан Шақпақ асуындағы екіжолақты автомобиль жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әйтпесе, қыстың көзі қырауда бұл жерден көлікпен өту мүмкін емес. Ал жерасты жолының ашылуы бұл мәселеге ғана емес, ел экономикасына да оң әсер етпек.

Данияр Қамалов, «Оңтүстік жол зертханасы» РМК сарапшысы:

– Бұл жолдарда алдағы уақытта көлік қарқыны күшейеді. Оған өткізу тоннелінің әсері көп. Мәселен, қазіргі уақытта тәулігіне 15 мың көлік өтсе, құрылыс аяқталғанда, тағы да 5,10 мың көлік нөпірі қосылады. Бұдан бөлек, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттырады. Мердігерлер жыл соңына дейін құрылыстың негізгі бөлігін аяқтауға уәде беріп отыр. Ал келер жылдың мамыр аяғында жерасты жолы салынып бітеді.