​Түркістан облысындағы «Арман» лагерінде жетекші балаларға зәбір көрсеткен

0
2 847

22 маусым күні лагерьге кетіп, содан 4-5 күн өткен соң бір күні тәулік бойына қыздарының телефонына мүлде түсе алмапты. Ертеңіне хабарласқанында ештеңе қызы ашып айтпаған.


​Түркістан облысындағы «Арман» лагерінде жетекші балаларға зәбір көрсеткен

иллюстрациялық фото: shko.ru

Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Арман» лагерінде демалып жатқан балаларды тәрбиеші ұрып-соғып, қорқытқан деген ақпарат тарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталмыш лагерьде екі бірдей қызы демалып жатқан шымкенттік тұрғын Толқын Бәкірқожаев бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында жазған соң, өзімен кездесіп мәселенің мән-жайын сұраған болатынбыз.

Оның айтуынша, лагерьге барғаннан-ақ 12 жастағы екінші қызы «қайтамын, қызық емес» деп жиі хабарласып жүрген. 22 маусым күні лагерьге кетіп, содан 4-5 күн өткен соң бір күні тәулік бойына қыздарының телефонына мүлде түсе алмапты. Ертеңіне хабарласқанында ештеңе қызы ашып айтпаған.

«Күні кеше «Арман-2» лагерінде демалып жатқан 14 жастағы үлкен қызым сіңлісінің жағдайын сұрау үшін келгенде, ол жылап мұңын шағыпты. Ол жердегі Сухраб есімді жетекші балаларға өте қатал қарайтынын, ұрып-соғатынын, далаға ойнауға шығармайтынын айтып одан қатты қорқатынын айтқан. Аружан есімді жетекші бір күн бойы ұялы телефондарын алып қойғандығын айтқан. Содан кейін үлкен қызым анасына хабарласып, бұл жайдың бәрін айтыпты», - дейді ашулы әке.

Оны естіген соң екі бірдей жасөспірім қызының жағдайы алаңдатқан әке ашуланып бірден лагерьге тартыпты.

«Мен қыздарымды балалар лагеріне біреуден қаталдық көрсін деп жіберген жоқпын. Лагерьге барғанымда Сухраб деген жетекші болмай шықты. Оның сондай қылықтарын білген ата-аналар айқай-шу шығарған соң жұмыстан босатқан көрінеді. Оның орнында жап-жас жетекшілер жүр. Олардың түріне қарасаң тәжірибесі жоқ, өздеріне жетекші керек сыңайлы», - деп лагерьдегі кемшілікті де атап өтті ол.

«Бірінші «Арман-1» лагеріне барсам, кеш болып қалған себепті күзетші кіргізбеді. Сосын Аружан есімді жетекшімен сөйлестім. Ол Сухрабтың жұмыстан босағанын айтты. Одан кейін «Арман-2» лагеріндегі үлкен қызыма барып, ондағы жауапты маман, өзін Анатольевна (атын ұмытып тұрмын) деп таныстырған әйелмен сөйлескенімде, ол маған кеш қалғанымды айтты. Себебі, бұл шу үш-төрт күн бұрын болыпты.

Сосын қызымды алып кеттім. Кетіп бара жатқанда «шағымым жоқ» деген қағазға қол қойып берген едім. Үйге келген соң қызымнан болған жағдайдың бәрін естігенде соныма өкіндім. Қызымның айтуынша, әлгі Сухраб есімді жетекші қызымның аяғынан сүлгімен ұрыпты. Басында айтқысы келмеген еді, қорқып қалғаны көрініп тұр. Басқа балаларды да аямай ұрған көрінеді.

Сонда біз балаларымызды лагерьге таяқ жесін деп жібердік пе? Ондай жетекшіні жұмысқа кім қабылдаған? Балалармен жұмыс істейтін жетекшілерді кім таңдайды? Бұл мәселе бұлай қалмауы керек. Ол жерде менен басқалардың да балалар демалып жатыр. Осылай үндемей қоя салуымыз керек пе?», - деп отыр бес баланың әкесі.