Түркістан облысындағы марафонға 500 жас қатысты

0
1 168

Шардара ауданы әкімінің ұсынысы негізінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жастар арасында «Қыс – 2019» марафоны өткізілді.


Түркістан облысындағы марафонға 500 жас қатысты

Түркістан облысы Шардара ауданы «Жастар жылын» аудан жастары қатысқан ауқымды марафонмен бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Шардара ауданындағы 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлер мен мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған марафонға қала мен барлық ауылдық округтерден 500-ге тарта жастар қатысты. «Абай» мәдениет үйінен бастау алып, Абай және Төлеби көшелері арқылы жүгіріп өткен қатысушылар орталық стадионда мәре сызығын кесті.

Аталмыш шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен «Жастар жылы» аясында жүзеге асатын жоспарлар жайында айтып, жастарды ауыз біршілікке, сапалы білім алып, елге адал қызмет етуге шақырды.

Іс-шара соңында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында және мемлекеттік қызметкерлер арасында оқ бойы озық шығып, мәре сызығын бірінші кескен жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.