Түркістан облысының 27 спортшысы жазғы Азия ойындарына қатысады

0
910

Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия Ойындары өтеді.


Түркістан облысының 27 спортшысы жазғы Азия ойындарына қатысады

Түркістан облысының сайыпқырандары Азия Ойындарына қатысады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия Ойындары өтеді. Азияның ең таңдаулы спортшылары қатысатын дүбірлі сынға Қазақстанның спортшылары тыңғылықты даярланды. Олардың ішінде Түркістан облысының сайыпқырандары да бар.


Дүбірлі сын қарсаңында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев облыстық спорт мектептерінің басшыларының басын қосып, жиын өткізді. Басқосуда кезекті жазғы Азия ойындарына қатысатын спортшылардың дайындығы жан-жақты сараланды. Түркістан облысының 27 спортшысы байрақты додаға қатысады. Олардың қатарында еліміздің талантты боксшысы, 51 келі салмақта атой салатын Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов пен 86 келі салмақта өнер көрсететін түркістандық Сағындық Тоғамбай бар.


Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерінен мол үміт күтіп отыр. Бұдан өзге 90 келі салмақтағы дзюдодан Дидар Хамза да жүлде үшін таласады. Дидар бұған дейін Джакартада өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанған және екі олимпиада ойындарына қатысып, тәжірибе жинақтаған спортшы.


Ал су спорт түрлерінен де 12 спортшымыз ел намысын қорғамақ. Академиялық ескек есуден Александр Афанасьев, Анжела Полянина, Мелани Жакупова, Владислав Яковлевтер еліміздің намысын жоғары дәрежеде қорғау үшін дүбірлі додаға аттанды. Сонымен қатар байдарка және каонэ есушілер Ольга Шмелева мен Ульяна Киселева да қатысып, жүлде үшін жарыс жолына шығады. Сонымен бірге облысымыздың мақтаныштары Аделайда Пчелинцева мен София Сподаренко жүзу спортынан бақтарын сынайды.


Төрт жыл сайын өтетін айтулы додада каратэден облысымыздың талантты спортшысы Әсел Қанай жарыс жорлына шықса, таеквондодан Нұрлан Мырзабаев татами төрінде күшін сынап көреді. Ал бадмитон спортында Дмитрий Панарин мен Камила Смағұлова еліміздің мерейін үстем ету үшін бар өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар теннистен Гозаль Айнитдинова бағын сынаса, садақ атудан Бунед Мирзаметов мергендігін көрсетеді. Бұл аламан додада гандбол шеберлері де күштерін сынайтын болады.


Еліміздің құрамасы сапында 8 бірдей түркістандық спортшы бар. Ал баскетболдан Руфина Гаврилюк елміздің құрамасында өнер көрсетеді. Түркістан облысының ең талантты деген 27 спортшысы Қытайдың Ханчжоу қаласында алауы жататын кезекті Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсетіп, Париж олимпиадасының лицензиялық жолдамасы үшін де сынға түседі.


Сондай-ақ Қытайдың Ханчжоу қаласында 22-28 қыркүйек аралығында Пара Азия ойындары да өтетін болады. Бұл бәсекеде Түркістан облысының 6 спортшысы еліміздің намысын қорғайды. Сонымен параканоэшілер Жалғас Тайкенов, Бибарыс Спатай, Жаңыл Балтабаеваларға сенім артылса, академиялық ескек есуден Темірхан Дайырбек медаль үшін таласады. Ал пара дзюдошы Бағланбек Оналбектен мамандар мол үміт күтсе, пара жеңіл атлетикадан Мұқан Айтмырзаев та сынға түседі.