Түркістан облысының әкімі: Неге көмірді алдын ала тасымалдап алмайсыздар?

0
1 322

Облыстағы 2834 бюджеттік мекеменің 2313-сі, яғни, 82% пайызы жылыту маусымына дайын


Түркістан облысының әкімі: Неге көмірді алдын ала тасымалдап алмайсыздар?

фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы әкімдігінде өңірдің 2018-2019 жылдардың жылу беру маусымына дайындық барысы сөз болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жансейіт Түймебаев жылыту маусымына дайындық барысындағы кейбір кемшіліктерге байланысты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру керектігін айтты.

«Неге көмірді алдын ала тасымалдап алмайсыздар? Ертең күзде вагон тапшылығы байқалып, қиындық тумасына кім кепіл? Қатты отын, сұйық отын тасымалдау, жылу қазандықтарын ауыстыру жұмыстары жазда аяқталуы тиіс. Сондықтан басқарма басшысы мен әкімдерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік саланың барлық объектілерін алдағы жылыту маусымына сапалы және мерзімінде дайындауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Жылыту маусымына дайындық шаралары жіті бақыланып, қыркүйек айына дейін толық аяқталсын. Кестеге сәйкес, жоспарланған жұмыстарды мерзімінде орындамаған жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі қаралсын», - деді өңір басшысы.

Облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның мәлімдеуінше, бюджеттік мекемелерде, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда қазандықтарды дайындау, жылу жүйелерін шаю, тазалау, гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген.

Қазіргі таңда облыстағы 2834 бюджеттік мекеменің 2313-сі, яғни, 82% пайызы жылыту маусымына дайын. Білім саласы бойынша 1289 мекеменің 945-інде жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді. Облыстағы 788 денсаулық сақтау мекемесінің 761-і қысқа дайын. Сонымен қатар 568 мәдениет, 58 спорт нысаны жылыту маусымына әзір. Алдағы жылу маусымына облыстағы бюджеттік мекемелерге қажетті қатты отын көлемі 169,1 мың тонна болса, тасымалданғаны 91,7 мың тоннаны (55%) құрайды.

Облыстағы бюджеттік мекемелерге 5988,9 мың тонна сұйық отын қажет болса, қазір 3500 мың литрі әкелінді. Облыстағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.

Облыс бойынша бюджеттік мекемелерге, жылу беретін кәсіпорындарға және жеке тұрғындарының алдағы күзгі-қысқы маусымға көмірге жалпы қажеттіліктері 1 177,6 мың тоннаны құрайды. Бүгінде 502 мың тоннасы тасымалданған.