Түркістан облысының ардагерлері Арыста бас қосты

0
722

Атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, арнайы дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.


Түркістан облысының ардагерлері Арыста бас қосты

Арыс қаласында облыстық ардагерлер ұйымының көшпелі-семинары өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласында «Ардагерлер орталығының» жұмыс тәжірибесімен алмасу мақсатында облыстық ардагерлер ұйымының көшпелі-семинары өтті. Түркістан облысының барлық ауданының ардагерлер қауымы бас қосқан жүздесуді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ашып, жүргізіп отырды.


Басқосуда Арыс қаласында азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, арнайы дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.


Жиында сөз алған Түркістан облысының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов әскердегі идеология мен отанқорғаушылар мәселесін, жастар некесі туралы сөз қозғады. Одан бөлек, медиатор қызметі мен медиаторлар легін дайындау, сот жүйесінің қызметін дамыту мәселесін де тілге тиек етті. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова өз сөзінде зейнеткерлер мен ардагерлерге көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау туралы айтты.


«Арыста ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше бағытта жұмыстар атқарылды. Өткен жылы ашылған «Ардагерлер орталығында» елдің тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселелер ашық пікір алмасу арқылы кеңінен талқылап жатамыз. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында атап көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс жүргізу тетіктері де қызу талқыланады. Сол сияқты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы тапсырмасы негізінде қолға алынған «Парасат» пікірсайыс клубының отырысы да бірнеше рет осы жерде өтті», – деді Гүлжан Мамытқызы.


Жиын соңында ел ішінде биік парасат-пайымы мен кісілік келбетімен ортақ іске діңгек болып, кейінгі толқынға темірқазық іспетті жол сілтеп жүрген бір топ ардагерге Алғыс хаттармен қоса естелік сыйлықтар табыс етілді.