Түркістан облысының бас полицейі өңірдегі күшейтілген шектеу шараларын тұрғындарға түсіндірді

0
1 272

Қайрат Дәлбеков өңір тұрғындарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға және аса қажетсіз үйден шықпауға шақырды.


Түркістан облысының бас полицейі өңірдегі күшейтілген шектеу шараларын тұрғындарға түсіндірді

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков блок - бекеттерде облыс аумағындағы шектеулер жайлы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты Түркістан облысы полиция департаментінің барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген қызметке көшті. Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында облыста 76 блок-пост қойылған, онда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істейді. Оның ішінде екі блок-пост республикалық маңызы бар автожолдарда ашылған.

Полиция қызметкерлері автокөлік ағынын, ал медицина саласының мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығын тексеруде. Жетісай ауданының орталығында, Жаңаауыл мен Жылысу ауылдық округтерінде Әбдіқалық және Байқоныс ауылдарының жанында коронавирустың таралу ошақтарының анықталуына байланысты, карантин енгізіліп, Жетісай полиция бөлімінің қызметкерлерінен 14 блок бекеттері қойылды.
"Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеуге, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тартуға, қылмысқа жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылау жасайды. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері облыс полицейлері 84 төтенше жағдай режимін бұзушылықты анықтады, азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес "төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 26-сы әкімшілік тәртіпте қамауға алынды. Облыс тұрғындарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға және аса қажетсіз үйден шықпауға шақырамын" - деді Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал - майоры Қайрат Дәлбеков.
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері жалған ақпарат таратудың 9 жайтын анықтады. Олардың барлығы дер кезінде ашылып, күдікті адамдар анықталып, ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, шектеу шаралары күшейтілді. Қалааралық жолаушылар тасымалы және автовокзалдар, автостанциялар мен теміржол вокзалдарының қызметі уақытша тоқтатылды. Дезинфекциялау режимі күшейтіліп, қалааралық автотранспорттардың жұмыс уақыты сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін шектелді. Сонымен қатар базарлардың жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін, қоғамдық тамақтану объектілері: мейрамханалар, кафелер, дәмханалар мен асханалар келушілерді қабылдамай, тек тек үйге тапсырыс беру арқылы сағат 8.00-ден 20.00 аралығында жұмыс істейді.
Облыс тұрғындары мен қонақтары үнемі қорғаныш бетпердесін киюге міндетті, соның ішінде қоғамдық көлікте, сауда орындарында, базарларда, мекемелерде, кәсіпорындарда және үй-жайларда. Отбасы мүшелерін қоспағанда, құрамы үш адамнан аспайтын топпен ғана жүру керек. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажет.